Балқашта биыл 25 шақырым жылу магистралі мен 20 шақырымнан астам су құбыры ауыстырылды.
Қалада инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы 2023 жылы басталды. Екі жыл бұрын инженерлік желілер 90%-ға тозып тұрған еді. Құбырлар үш жылдық жоспар бойынша кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр.
«Балқаш қаласында соңғы үш жылда инженерлік желілер ауқымды түрде жөнделіп жатыр. Мысалы, жылу құбырының 58, ал су құбырының 65 шақырымы ауыстырылған. Соның арқасында инженерлік желілерде болатын ақаулар азайған. Биылғы жылу беру маусымы да қалыпты жағдайда өтуі тиіс»,-дейді жергілікті билік өкілдері.
Балқаш қаласының біраз көшесі қазылып тасталған. Барлық учаскеде арнайы техника мен жұмысшылар жүр. Балқашта мұндай ауқымды жылу және су желілерін жаңарту бұрын-соңды болмаған, дейді тұрғындар.
Биылғы жоспар бойынша 25 шақырым жылу құбыры ауыстырылды. Коммуналдық қызмет өкілдерінің айтуынша жылу беру маусымына дайындық жақында аяқталады.
Абай Темірбеков, Жылу беру мекемесінің басшысы:
- Қазіргі таңда магистральді жылу құбырларын ауыстыруды толығымен аяқтадық. Барлығы сапалы өтті. Гидравликалық сынақтан ақау табылған жоқ. Қазіргі таңда дайындық жұмысы 95 пайызға жетті.
Қаладағы су құбырының 95% тозған болатын. Соның салдарынан жиі ақау шығып, жұрт сусыз қалатын. Құбырлар кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр. Биыл да 21,5 шақырымы жаңаланды. Жаңғырту барысында цифрлық технологиялар да қолданылуда. Мысалы құбыр бойына су шығынын автоматты түрде реттейтін датчиктері бар бекітпелер орнатылған.
Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:
- Адамның байланысынсыз электронды жабатын бекітпелдер бар. Ақау шықса, оған адам жеткенше қанша уақыт өтіп кетеді. Бұл жерде ақау шықса өзі тоқпен датчигі жауып тастайды.
Балқашта коммуналдық желілерді жаңарту келесі жылы да жалғасады. Құбырлардан бөлек, негізгі сорғы станциясы да жаңғыртылды. Сондай-ақ трансформаторлар ауыстырылып, «скважиналар» жөнделді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Акамбаев, Аман Хамит
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Балқаш #құбыр #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz