RU
Толық нұсқаға өту

84 жастағы кейуана күніне 6 шақырым жүгіруді әдетке айналдырған

21.09.2025, 09:43 516

Жетісу облысы Панфилов ауданының тұрғыны Бақтыбала Қасымова 35 жылдан бері салауатты өмір салтын ұстанады.

Ауылдықтарға нағыз үлгі көрсетіп отыр. Бақтыбала апа таңмен таласа тұрып, ауыл сыртындағы жотаға жүгіріп шығады. Бабын жоғалтпайын деп, салауатты өмір салтын ұстануды  күнделікті әдетке айналдырған. «Қыр басында табиғатты тамашалап, таза ауамен тыныстап, бір сергіп қаламын», - дейді.

«Алтын алқа» иегері:

- Жүгірмесем, қимылдамасам ауырып қаламын. Тұра алмай қаламын. Балаларым «жүгірме, қасқыр бар, шакал бар»,- дейді. Қарамай жүгіре беремін. Ол денсаулық үшін ғой. Мен сияқты 85-ке келген адам жоқ. Көбі қайтыс болды. Бір-екі адам ғана бар. Олар таяқпен әрең жүреді. Оның жанында жүгіріп, өтіп кетемін. Адам ұмтылу керек. Ниет жасау керек. Жаттығу жасаушы едім, кілем жоқ қой. 50 рет отырып-тұрамын, осы күні қиналмастан 25-20 жасай саламын.

Сексеннің сеңгіріне шыққан әже 20 жылдан аса балабақша меңгерушісі болған. Жетекшілік еткен ұжымымен бірге бүлдіршіндерді еңбекке, білімге баулыды. Бала тәрбиелеу арқылы Бақтыбала апа тұтас ауылдың ардақты анасына айналды.

Кенжегүл Баймұқашева, балабақша тәрбиешісі:

- Осы ауылдағы орта буын, аға буынның тәрбиесінен өткен. Сол кісінің жолын басып келе жатырмыз. Балаларға тәрбие беріп отыр. Бүгінде бұл жерде 60 баламыз бар. Үш тобымыз бар. Жұмысшыларымыз бір ұжым болып жұмыс істеп жатыр.

Бұл істі Бақтыбала апаның қызы мен келіндері жалғастырып жатыр. Ал, өзі әжелер ансамблінің құрамында көпшілік мәдени шараларға қатысып, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласады.

Қуандық Әшіржанов, Талды ауылдық округінің әкімі:

- Бүкіл ауылдағы жастарға үлкен өнеге. Өзінің білген ақылын айтып отырады. Апамыз салауатты өмір салтын ұстанады. Одан бөлек қазақы қолөнерді қолдап, дәріптеп отыр.

Талды ауылына келін болып түскен Бақтыбала апа Нұрғазы атамен жарты ғасыр бірге ғұмыр кешті. Екеуі он бір бала өсіріп, қызын-қияға, ұлын ұяға қондырды.

Ерғазы Ешқаев, Б. Қасымованың  ұлы: 

- Ата-анамыздың тәрбиесінің арқасында осы хәлге жеттік. Оқыдық, білім алдық, қазір еңбек етіп жатырмыз. Ата-анамыз осы ауылда еңбек етіп, ел сыйлаған, бүкіл ауыл сыйлаған азаматтар. Әкем болмаса да, орнын жоқтатпай, әлі басымызды қосып, қара шаңыраққа жинап, батасын беріп, тілектерін айтып отырады.

Қимыл қозғалысы ширақ әже бүгінде бейнетінің зейнетін, ұл-қызының қызығын көріп, немере-шөберелерінің ыстық ықыласына бөленіп отыр. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz