RU
Толық нұсқаға өту

Елде енді сатушылар екі баға ұсынуға міндеттелуі мүмкін

22.09.2025, 17:40 357

Біреуі тауарлар құнын толық төлейтін тұтынушыларға, екіншісі бөліп төлеуге рәсімдейтін азаматтарға арналған. 

Тиісті заң нормасы қазір талқыланып жатыр. Бірақ сарапшылар бұл бағаның құбылуына алып келе ме деген қауіп барын айтады.

Бірінші бөліп төлеудің не екенін түсіндірейік. Қазақстанда сауданың бұл түрі соңғы үш жылда кең етек жая бастады. Көпшілік бұл тегін келген дүние сияқты мойнына несие рәсімдеуге асық. Ал шын мәнінде ол соманың ішіне бірнеше қызмет құны кіреді.

Арман Бейсембаев, қаржыгер:

- Банк ешқандай пайызсыз ақша бере алмайды. Сондықтан ол үстемені тауардың құнына жасырады. Осыны түсіну керек. Кей зерттеулер бұл көрсеткіш 60-тан 100-пайызға дейін жеткенін анықтаған. Яғни бұл жерде тауар құнын толық төлеп, ешқандай банк қызметін пайдаланбаған тұтынушылар ұтылады деген сөз. Ол затты 60 пайыз арзанға алуы керек еді.

Яғни, бұл да несиенің бір түрі. Ал несиенің пайызы ұлттық банк бекіткен базалық үстемеге байланысты белгіленеді. Мәселен, қазір ол - 16.50%. Содан кейін пруденциалдық норма бойынша коммерциялық банк әр кредитке провизия жасауы керек. Ол орта есеппен 1-2 пайыз. Тағы тәуекел премиясы деген бар. Ол кредитін төлемегендердің қарызын жабу үшін керек. Біздің банктер шамамен 4 пайыз қояды. Бәрін қоссаңыз бұның өзі 22 жарым процент болып тұр.

Базалық мөлшерлеме – 16.50%

Провизия – 1-2 %

Тәуекел премиясы – 4 %

Айбар Олжай, сарапшы:

- Одан кейін банктің өзінің маржасы бар. Әр кредитті бергенге, оны ұстап отырғанға банктің операциалық шығындары бар. Үстінен тағы бір-екі пайыз маржа қосылады. Соның бәрі айналып келіп, үстінен тағы 7-8 пайыздың қосылуына алып келеді.

Яғни нарық заңына сай 24 пайыздан төмен несие жоқ қазір. Сондықтан сауда заңнамасына өзгерістер енгізілмек. Оған сәйкес сатушы тауардың толық құнын төлейтіндерге басқа, ал бөліп төлейтіндерге басқа баға ұсынуға міндетті. Бұл ашықтыққа алып келеді дейді авторлар. Алайда сарапшылар нормаларды қабылдау кезінде жан-жақты екшелуі керек екенін ескертеді.

Жасұлан Айтмағанбет, «Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы:

- Тауарларға екі түрлі баға қоятын болса, саудагерлердің мұны тиімді пайдаланып кетпеуін қадағалау керек. Себебі қолма-қол ақшаға алатын адам ешқандай қызметін пайдаланбайды. Сондықтан қазіргі бағалар төмендеуге тиіс. Ал олар екі түрлі баға белгілеу керек деп бөліп төлейтіндерге қымбаттатып, қолма қол ақшаға алатындарға қазіргі бағасына сатуы мүмкін.

Қазір құжат ашық талқылауда жатыр. Министрлік өзгерісті кәсіпкерлер мен халық пікірін ескере отырып қабылдаймыз деп мәлімдеді. Сонымен қатар тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған өзгерістер де бар.

Тойгүл Жұбанисова, ҚР СИМ ресми өкілі

- Кейбір сатушы өзінің пайдасына қолданып, бөліп төлеуге сатып алған тауарды кері қайтармайтын жағдайлар болатын болса, енді қазір ол заң жүзінде нормада көзделген. Тіпті бөліп төлеуге сатып алған тауардың өзі басқа тауарларды қалай кері қайтарасыз, тура солай кері қайтару тетіктері заң жүзінде механизм қолданылады.

Бұл сауда саласындағы барлық түйткілдерді шешіп, нормаларды заман талабына сай болуын қамтамасыз етпек.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Самат Қазанбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz