Атырау облысында Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды сенбілік өтті.
Өңір бойынша 10 мыңнан аса адам қатысқан экологиялық акция аясында 150 тонна қоқыс шығарылған. Сенбілікке мемлекеттік қызметкерлер, түрлі кәсіпорын жұмысшылары, жастар мен экобелсенділер қатысты.
Облыс орталығында өткен тазалық жұмыстары «Самал» және «Сарыөзек» ықшамаудандарының аралығы мен Атырау шағын ауданындағы айналма көпір маңын қамтыды. Сенбілікке блогерлер, кәсіпкер жастар да атсалысып, экоакцияға үн қосты.
Бану Гайдар, кәсіпкер:
- Жастар болып қаламызды тазалауға шықтық. Әрбір жанға айтарым - тазалық бірінші өзіңнен басталсын. Сондықтан да қаламызды таза ұстайық.
Нұржол Жақсылық, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
- Бұл жерде жасы бар, кәрісі бар, барлығы түгел жиналған. Қазақстан Ассамблея жастарынан да 50-ге жуық жас тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап жатыр. Біз де үлесімізді қосып жатырмыз.
Экологиялық акция облыс орталығында ғана емес, әр ауданда өткізілді. 10 мың адам қатысқан сенбілік аясында өңір бойынша 150 тонна қоқыс шығарылған.
Мәнсия Сағидоллаева, Жастар ресурстық орталығының басшысы:
- Атырау облысының әкімдігіне қарасты басқарма қызметкерлері және басқармаға қатысты мекемелар шығуда. Жалпы тазалық акциясына 1000 адам өз үлесін қосуда. Соның ішінде жастар ұйымдарына қарасты «Жастарда» жұмыс істейтін 200 жас өз үлестерін тазалық акциясына қосып жатыр.
Экоакцияны облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды. Жалпы Дүниежүзілік тазалық күнінде әлем бойынша 180-нен астам ел сенбілік өткізеді. Атыраулықтар халықаралық акциядан бөлек, «Таза Қазақстан» іс-шарасына да тұрақты түрде қатысып жүр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Таза Қазақстан #Атырау #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz