RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығы тойланды

22.09.2025, 19:32 427

Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза-Әлінің туғанына биыл 90 жыл. Қаңтар айынан басталған мерейтойлық шаралар қаламгердің туған жері Жымпиты ауылында түйінделді.

Орал қаласында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда қазақ поэзиясына құбылыс боп енген ақын шығармашылығы талданып,  «Қадыр» журналының тұсауы кесілді.

Ұлт әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі де бірегейі - Қадыр Мырза Әлі. Ол қалам қуатымен, дара дарынымен тірліктің түрлі көрінісін көркем тілмен кестелеп, халқының мінез-келбетін сомдай білді. Мерейтойға жиналғандар ақын шығармашылығын терең талдап, ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қайнар Олжай, публицист:

- Қазақ қандай болды, қандай болу керек еді, қазаққа не керек еді, осының бәрі Қадырда бар. Қадыр бүкіл тұлғасымен, шығармашылығымен қазық. Қазақ санасына қағылған қазық. Қадырдан бәрін табасың, Қадырдан бәрін іздейсің. Әңгіме Қадырды терең оқу керек, біліп оқу керек. Асқан көреген адам. Сонау 70-ші жылдары шығарған өлеңі бар: «Болашақтың ғалымы көңіліңе түй мұны, Азандағы мал үні – атамыздың гимні», - дейді.  Содан кейін: «Шаңы шыққан шайқаста шағылмаған ер кісі. Құрық-қылыш  айқасқан, атамыздың гербісі», - дейді.

Қадыр - сөз зергері. Оның өткір де орамды ойлары елдік мүддені дәріптейді, өлең жолдары афоризмге айналып, тыңдағанның жадында мәңгі жатталады. Мазмұнды шара барысында Қадыр ғылыми-танымдық журналының тұсауы кесілді. Алғашқы саны 300 данамен жарық көрген басылым енді оқырманға әр тоқсан сайын жол тартпақ.

Дәулеткерей Құсайынов, Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығының директоры:

- Ол журнал неге керек? Бұл журнал Қадыр ағаның шығармашылығын зерттеуге керек. Қадыр орталығындағы кітап қорындағы 6767 кітабы бар. Сол кітаптарда Қадыр ағаның қолымен жазған сыни ескертпелері, әртүрлі белгілері, тіпті сол кітаптың арасына салған үзік-үзік ойлары, жазбалары, өлеңдері бар.

«Дәуір дарабозы» деп аталатын мерейтойлық шаралар талант иесінің туған жері Жымпиты ауылында жалғасты. Қадыр Мырза Әліге арналған әдебиет және руханият залы ашылды. Залдағы арнайы бұрыштарға сирек кездесетін фотосуреттер мен деректер, кітаптар қойылған. Ал ақын атын иеленген орта мектептің қабырғасына салынған мурал алыстан көз тартады. Салтанатты шараға ақынның жары мен балалары, танымал ақын-жазушылар арнайы шақыртылыпты.

Салтанат Мырзалиева, Қадыр Мырза Әлінің жұбайы:

- «Елім деймін, жерім деймін, өзім үшін жеңілсем де, елім үшін күресте жеңілмеймін», - деп жырлап өткен ағаларыңның туған жері, кіндік қаны тамған жері. Өздеріңді құттықтаймын! Сіздер ағаларыңызбен мақтанасыздар, біздер сіздермен мақтанамыз. Ағаларың сияқты ел сүйгіш болыңдар, тіл сүйгіш болыңдар, әдет-ғұрып сүйгіш болыңыздар.

Мереке Құлкен, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:

- Туған жері Сырым елінде, Жымпиты жерінде керемет той болып жатыр. Ең бастысы кейінгі ұрпақтың Қадыр Мырза Әлінің жырына деген ықыласы, махаббаты ерекше. Жаңа мына жерде тұрған қаншама баланың кішкентай баланың хормен өлең оқуы бұрын-соңды болмаған нәрсе. Болмаса ана жерде қаншама бала күй тартып отыр. Соған қарағанда біздің қазақ деген халықтың болашағы зор.

Мерейтойлық шаралар дала қызықтарымен түйінделді. Ауыл шетіне тігілген ақшаңқан киіз үйлердің «Жерұйық», «Домбыра», «Көш», «Алақан», «Ой орманы», «Қорамсақ», «Ақ отау», «Дала дидары» , «Мәңгі майдан», «Көкейкесті», «Биік баспалдақ», «Қызыл кітап» деп ақын кітаптарымен аталуы да қадыртанудың тың әрі тәлімді тәсіліндей әсер қалдырды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz