Торғай топырағында қоғам қайраткері, ағартушы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған мерекелік шаралар бастау алды. Торқалы той ең алдымен ақынның туған жерінде өтті. Торғай өңірі – халқымыздың ұлы тұлғаларының асыл мұрасымен тығыз байланысты аймақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі бастама тарихи тұлғаны еске алу ғана емес, жас ұрпаққа ұлттық рухты дәріптеу, тарихтан тағылым алу мақсатын көздейді.
Жангелдин ауданында қазақтың ұлы перзенті, ақын Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай бірнеше инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Көлқамыс ауылында 800 миллион теңгеден астам қаражатқа жаңа мектеп салынды. Қызбел ауылына жоғары жылдамдықты интернет қосылып, жаңа жабдықталған оқу орны ашылды. Саға ауылының тұрғындары алғаш рет асфальт төселген көшелермен жүре бастады. Ал Бидайық ауылындағы Міржақып Дулатұлының мұражайы реэкспозициядан кейін қайта ашылып, қонақтардың қызығушылығын арттырды.
Торғай ауылында мерейтойға келген қонақтарды киіз үйлер қалашығы құшақ жая қарсы алды. Дала төсінде жүзге жуық шаңырақ бой көтеріп, әрқайсысы ұлттық нақышпен безендірілді. Әрбір киіз үйде Міржақып Дулатұлының шығармашылығы мен мұрасына арналған әдеби кештер, естеліктер мен баяндамалар ұйымдастырылды.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы биылғы бірнеше маңызды жиында Торғай өңіріне айрықша назар аударғанын білесіздер.Торғай жұртына деген құрмет көрсетіп, оның елдің маңызды аймақ екенін тағы да дәлелдеді. Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына орай Тобыл, Торғай жұртына деген өз лебізін де жолдады.
Дүбірлі тойдағы ең ауқымды шара республикалық «Ұлы дала жорығы» атты марафон болды. Оған Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден 90 шабандоз қатысуда. Бес жүз шақырымдық бағыт Торғай қаласының тарихи жерлерінен өтеді.
Дулат Советханұлы, Қостанай облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Маршрутымыз 5 күн бойында Торғай ауылынан Бидайық және Арқалық қаласы бойынша өтеді. Шабандоздар 500 км жүріп өту керек. Күніне 100 км-ден, Таңертең тұске дейін 50 км, түстен кейін 50 км жүріп отырады.
Сонымен қатар жүзден астам шабандоз көкпар, аударыспақ және аламан бәйге секілді ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады. Міржақып Дулатұлының мол мұрасын тақырып еткен ақындар айтысқа шықты. Оның өмірі мен шығармашылығы ғылыми-практикалық конференцияда талқыланды.
Ерлан Сатыбалдиев, Міржақып Дулатовтың немересі:
- Міржақыптың тойы жоғары деңгейде өтуде. Осыдан 35 жыл бұрын осы жерде Ақаң, Жақаң деген той болған. Бүкіл Қазақстан деңгейі бойынша, бүкіл Түркі әлемі бойынша тойланды деп ойлаймын.
Міржақып Дулатұлының 140 жылдығын мерекелеу қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған гала-концертпен аяқталды.
Авторлары: Серік-Ибраһим Орынбек, Сергей Трахтенберг
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Торғай #Міржақып ДулатұлыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz