Түркістан облысының Келес ауданында 14 елді мекенге табиғи газ құбыры тартылып жатыр. Биыл соның төртеуіне көгілдір отын беріледі. Жыл соңына дейін Достық, Қоралас, Ұшқын және Бірлік ауылындағы мыңға жуық абонент табиғи газдың игілігін көре бастайды.
Достық ауылының тұрғындары көгілдір отынды тағатсыздана күтіп жүр. Себебі жылдар бойы от жағып, күл шығарудың машақатынан әбден мезі болған. «Енді көмір түсіріп, отын дайындаудың азабынан құтылатын болдық», - дейді.
Қаржау Нүсіпов, Достық ауылының тұрғыны:
- Алды 10 тоннаға дейін аламыз, жас отбасылар 5-6 тонна жағады. Қазір көмір қымбаттап кеткен. От жағудан, отын жарудан бәрінен құтылатын болдық. Газ келіп елдің бәрі қуанып жатыр. Сол қосылса, ел болып рахмет айтамыз. Ауылымызға ФАП салынып жатыр. Ауруханамызды жаңартып, Достық ауылы көркеюде.
Достық пен Қоралас елді мекендеріне магистральды газ құбырын тарту жұмыстары былтыр басталған. Қазір көше бойлатып, ауылдың ішіне құбыр жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 32 көшенің 27-не газ құбыры өткізілген.
Олжас Жолдасбек, мердігер:
- Қазіргі таңда 159 дм құбырлар тартылып, жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы 48 шақырым Достық, Қоралас елді мекендеріне, соның 28 шақырымын тартып, болдық. Биылғы жылдың желтоқсан айында газбен қамтамасыз етеміз жоспарлап отырмыз.
Келес аудандағы 83 елді мекеннің 59-ы табиғи газбен қамтылған. 24 ауылда газ жоқ. Соның ішінде Бірлік пен Ұшқын ауылында құрылыс-монтаждау жұмыстары жақында аяқталды. Алдағы қазан айында көгілдір отынға қосылады деп жоспарлануда. Одан бөлек, 10 елді мекенге магистральды газ құбыры тартылып жатыр.
Алмас Абдуллаев, Келес аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Жеткізуші магистарль аяқталғанан кейін Ошақты ауылдық округінің 6 елді мекені, Бірлік ауылдық округінің 4 елді мекеннің ішкі жүйелерінің құрылысын бастайтын боламыз. Қазір жобалар дайын, абонент саны 10 ауылда 3500-ден асады.
Алты елді мекен экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылған. Қалған 5 ауылға 2027 жылдың соңына дейін көгілдір отын жеткізіледі дейді жауаптылар. Жалпы биыл Түркістан облысында 19 млрд теңгеге 80 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 43 елді мекенге газ жеткізілмек. Қалған 34 нысан келесі жылы табиғи газбен қамтылмақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #газ құбыры #елді мекендерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz