«Нұр жолы» кеден бекетіндегі тексеру-өткізу жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі. Нәтижесінде уақыт үнемделеді, кептеліс болмайды. Жалпы Қазақстан мен Қытай арасындағы бекеттен өткен жүк көліктерінің саны 82 мыңға көбейді. Биыл 119 млрд теңге кіріс түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 млрд теңгеге көп. Президент өз Жолдауында салаға жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдалануды ұсынған еді. Бұл жұмыстар қалай жүзеге асады?
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Қазақстан мен ҚХР шекарасында орналасқан мына «Нұр жолы» Орта Азиядағы ең үлкен кеден бекеті. Автокөлік өткелі 2018 жылы ашылды. Содан бері тауар айналымы он есеге көбейген. Бүгінде бұл жер арқылы қос мемлекет аумағына тәулігіне 2 мыңнан астам жүк көлігі қатынайды.
Тауар тасымалдаушылар үшін 2023 жылы электронды кезек жүйесі енгізілген. Содан бері жүргізушілер шекарадан өтетін уақытын алдын-ала көріп, біліп отырады.
Ерман Жабағиев, жүргізуші:
- Келгеніме екі сағат болды. Кіріп жатырмын. Былай қарай екі сағат жүремін.
Бахрамхан Ахметов, жүргізуші:
- Электронды өшіретпен келдім. Бүгін міне таңертең келіп, колейкаға қосылдық. Күн батып жатыр кіріп келіп жатырмыз. Жақсы болады бәрі. Аллаға шүкір.
Жүк көліктері кеден бекетінде сегіз тексерістен өтеді. Оған жарты сағаттан аса уақыт кетеді. Енді бұл көрсеткішті 15 минутқа дейін азайту көзделіп отыр. Ол үшін қолданыстағы жүйеге кезең-кезеңмен жасанды интеллектіні енгізу жоспарланған.
Серік Дәукенов «Нұр жолы» кеден бекеті басшысының орынбасары:
- «Кеден» ақпараттық жүйесі мен «Интеграциялық бақылау жүйесі» сол екеуінің арасында интеграция жасап ақпарат алмасуды көздейді. Ол бірінші мақсат. Екінші мақсат – көліктік бақылау мен инспекциялық тексеру кешеніндегі тауарларға жасалатын сараптаманы автоматты түрде жасау. Ауыл шаруашылығы министрлігінің карантиндік, ветеринарлық бақылауларды мейлінше азайту, ол құзырлы органдарға көліктегі тауарлар жатпайтын болса, тексерістен өтпейді. Ары қарай өте береді.
Биыл «Нұр жолы» арқылы 170 мыңға жуық кедендік декларация толтырылды. Бұл былтырмен салыстырғанда 40 мыңға көп. Көрсеткішті арттыру үшін саладағылар құжаттама ісін де жетілдірмек.
Қанат Қасымбеков, «Нұр жолы» кеден бекетінің бас маманы:
- Біз «Астана -1» және «Кеден» ұлттық платформасын қолданамыз. Енді «Кеден» бағдаралмасының ауқымын арттырып, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің барлығы бір платформаны пайдаландай етіп жасауға күш салып жатырмыз. Сол арқылы кедендік рәсім толықтай цифландырылады.
Кеден бекетінің аумағында аса үлкен жүк көліктері өтетін қосымша жол салынып жатыр. Жаңа бағыт ашу арқылы тауар тасымалын 40 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #кеден бекеті #ЖИ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz