Аграрлық саладағы ғылым ақсап тұр, деп хабарлайды 24kz.
Әйтпесе, ауыл шаруашылығы – өрісі өте кең сала. Президент биылғы Жолдауында саладағы ғылымның іс жүзінде іске аспай жатқанын сынға алған болатын. Қазынадан қомақты қаржы бөлініп жатқанынымен, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де әлсіз.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Ауыл шаруашылығы мен ғылым біріксе, сала серпінді дамушы еді. Қазір агроғылым мен жердегі тіршіліктің арасында алшақтық көп. Қай кезеңде де ел экономикасының маңызды тұсы саналған саланың ғылымы тек қағаз күйінде қалып тұр. Мәселен, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17%-тен аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40%-і ғана осы салаға бас бұрады. Бұл түйткілді Президент Жолдауында да айтып, сынға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ Президенті:
- Мен бұған дейін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құру туралы тапсырма бердім. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс. Ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп қалуы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр.
Агроөнеркәсіп кешен тұрақты даму үшін ғылымнан көмек қажет. Ол үшін саланың қолданбалы ғылымын жедел өркендетуге ден қою міндет. Ал, аграрлық ғылымның өндіріспен интеграциясын қолға алмай, ауыл шаруашылығының қарыштап дамуы екі талай. Ол үшін отандық ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізген абзал. «Алайда, жер емген шаруаның әзір ғылыммен байланысуға құлқы жоқ», - дейді ғалымдар.
Жұлдыз Сатаева, ғалым:
- Бізде бизнес қауымдастығы мен ғалымдар арасында байланыс көпір жоқ. Бізде ғалымдарда өте нәтижелі зерттеу жобалары бар. Бірақ ол туралы өндірушілер білмейді. Мен ойлаймын, онша ашық емес біздің ғылыми жаңалықтарға. Оларға дайын жабдықтарды алып іске қосу оңай. Басын ауыртпайды.
Ал, осы саладағы ғылымның жайын депутат Ерболат Саурықов Парламент мінберінде талай көтерген. Айтуынша, аграрлық сала мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарында ғылымға ден қоятын маман тапшы. Оған себеп көп. Мәселені шешудің жолдарын да айтып қалды. Елдегі сала мамандарын түлететін үш университетті «Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына беру қажет», - дейді.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біріншіден, біз кадрлық потенциалдан айырылдық. Екінші үлкен мәселе бұл ЖОО-ларда материалдық-техникалық базаларына қаржы бөлу мәселесі азайып кетті. Үшінші жалпы елімізде аграрлық саладағы мамандықтарға оқуға түсетін балалардың саны күрт азайып кетті. Осы үш мәселе біздің жалпы аграрлық ғылымға білімге деген елдегі көзқарасты өзгертіп жіберді.
Ал салаға жауапты министр Президенттің сынынан кейін ғылым мен бизнесті байланыстыруға бел шеше кіріскенін айтты. Тіпті 2028 жылға қарай агросаладағы ғылымды шаруашылыққа енгізу деңгейін 40%-ке жеткіземіз деп отыр.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Президент: ғылымның 17%-і ғана шаруашылықтарға барады», - деп айтып өтті. Сондықтан біз жұмыстарды шешіп жатырмыз. Биыл 22%-ке жеткіземіз. Жалпы 28 жылға дейін 40%-ке дейін болуға тиісті. Бұл жерде көп жұмыстар бар. Бірінші қаржыландыру мәселесі, екінші ғылымды ғалымдармен қосылып, шаруашылықтармен сұранысын шешу қажет. Осы мәселелерді жоспарлап, кешенді жоспар әзірлегенбіз жұмыс жасап жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, бұрындары ғалымдар еліміздегі көкөніс, дәнді-дақылдардың 90%-інің селекциясын өздері жасайтын болған. Ал қазір бәрі кері кетіп тұр. Импортқа тәуелді болып қалдық. Олқылықтың орнын білікті кадрлар ғана шеше алады. Ол үшін салаға келетін жастарға дұрыс бағыт-бағдар қажет.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ғалымжан Әбілаха
Тегтер #аграрлық ғылым #Жолдау 2025 #агротехнология #білім беру #ҚР АШМPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz