Атырауда «Saraishyq Upgrade-2025» атты халықаралық жастар форумы басталды, деп хабарлайды 24kz.
Форумға Қазақстанның 10 облысымен қатар Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан және Өзбекстан елдерінен келген 14 пен 35 жас аралығындағы 300-ден астам жас қатысуда. Екі күнге созылатын шараның мақсаты – жастардың жаңа идеяларын жүзеге асырып, креативті индустрияны дамытуға қолдау көрсету. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған диалогты дамытып, өзара іс-қимылды нығайтуға арналған жастар алаңын қалыптастыруға бағытталған.
Атырау облыстық әкімдігі ұйымдастырған форумға қатысу үшін биыл барлығы 1 мыңға тарта өтініш түсіп, 300 жоба іріктеліп алынған еді. Екі күндік форум бағдарламасында панельдік пікірталастар, тақырыптық секциялар, шеберлік сабақтары және 6 бағыт бойынша жастар жобаларының байқауы қамтылған. Форумды ашқан облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жастарға сәттілік тіледі.
Дарын Шамұратов, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
- Қазақстанды жаңа заманның, жаңа дәуірдегі дамыған елдерінің қатарына қосуға осы сіздер бастаған жаңа буын креативті индустрияның өкілдері тың серпін береді деп сенеміз. Бүгінгі форум жұмысына сәттілік тілейміз.
Форумда республикалық деңгейдегі сарапшылар мен мамандар тәжірибелерімен бөлісуде. Сондай-ақ әр бағыт бойынша қатысушылар арасында конкурстар өтеді. Қорытындысында 6 үздік жобаның авторларына 500 000 теңгеден ақшалай сыйақы табысталады. «Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік», - дейді қатысушылар.
Тілекқабыл Файзуллин, форумға қатысушы (Ақтау):
- Осы жылы достарыммен бірге веб-сериал түсіруге сценарий жазып жатырмын. Сол сценарийдің барысында осы жерден алатын тәжірибем көп шығар деп үміттенемін. Жалпы спикерлер де өте жақсы спикерлер екен.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған бұл форум Атыраудың тарихи және мәдени әлеуетін танытумен қатар жастардың жаңа бастамаларына қолдау көрсетуге арналған. Жиынға қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, өздерінің авторлық жобаларын сарапқа салады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай
Тегтер #АтырауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz