Қыстың қамын жазда ойламаған қай әкімдер... Санаулы күндерден соң елде жылыту маусымы басталады. Бірақ әкім-қаралар мен жауапты компаниялардың жауапсыздығынан бірқатар қала халқы жылусыз қалуы мүмкін.
Сонымен, саладағы салғырттық пен даладағы салқындықтың салдарын қай қаланың тұрғындары тартуы мүмкін?
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Қыстың қамын жаз ойлап, қоңыр күздің қара суығына ерте бастан қамдану қажет. Алайда Орал мен Сәтбаев сынды қала басшылығы бұл жұмыстарды жылыту маусымы жақындағанда бітірмек болып жан таласып жатыр. Жайық шаһарының шенеуніктері бүгінге дейін бітпеген істі келер айдың бел ортасына дейін бітіреміз деп отыр. Ал Аягөздің атқамінерлері жөнделуі керек үш қазандықтың әзірге біреуін аяқтаған. Сәтбаевта да солай. Дайындық мәз емес.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- тСәтбаев қаласында №2 қазандыққа жөндеу жұмыстары аяқталды. Қосымша, ағымдағы жылғы 30 қыркүйекке дейін №1 қазандықтың дайындығы қамтамасыз етіледі. № 3 қазандықта жұмыс 82%, ал №4 қазандықта 48% орындалды.
Жоспар бойынша елдегі жылумен жабдықтау желілерінің 323 шақырымы жөнделуі керек. Бірақ жаңарған құбырлардың шақырымы әлі 300-ге де жетпеді. Орынбасарының баяндамасын тыңдаған Бектенов бұқара бүрсеңдеп қалмауы үшін жауаптыларға қатаң қадағалауды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Әкімдерге жөнде жұмыстарын аяқтауды жеке бақылауға алуды тапсырамын. Әсіресе, Орал, Степногорск, Аягөз, Сәтбаев қалаларында жылу беру мәселесін ерекше назарда ұстаңыздар. Бақылау Роман Склярда.
Қыстың қытымыр аязына қарсы тұрып, мезгілді алаңсыз өткізу үшін жұмыс жүйелі болу керек. Осыған дейін 6 энергоблок, 29 қазандық пен 16 турбина жөнделді. Енді кезегі келіп тұрған қала басшылары қайткен күнде де мәселені тез шешуге асығуы тиіс.
Авторы: Шерхан Абзалұлы
Тегтер #жылу маусымы #жауаптылар #қысқа дайындық #энергетикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz