Балпанақтай бала. Қазақ тойған қозыдай, томпиған сәбиге сүйсініп, көбіне осылай дейді. Бірақ біле білсеңіз, артық салмақтың арты - ауру.
«Елімізде 16 мыңнан астам бала осы артық салмақтан зардап шегіп жүр. Бұл дәрігерге жүгініп, ресми тіркелгендері ғана. Иә, өкінішке қарай бүгінде семіздік әрбір бесінші балада бар дерт», - дейді Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мамандары. Қауіп қайдан?
Елімізде әр бесінші бала семіздікке шалдыққан. Әрі соңғы 7 жылда артық салмақ қосқан көкөрімдердің қатары елде 16 пайызға көбейген. Дерт әсіресе, 9 бен 15 жас аралығындағы жеткіншектер арасында дендеп тұр. Ахуалдың күрт күрделенуінің бірнеше себебі бар. Бірақ көбіне жүре бітті пайда болады. Яғни көздің жауын алар тәтті сусындар мен түрлі фасфуттарға құмарлықтың түбі қауіпті.
Елде семіздікке шалдыққан бала саны - 16 мың
Өсім 2018-2025 жж - 15,7%
Гүлмаржан Құрманова, отбасылық дәрігер, нутрицолог:
- Ең бірінші - тамақтану әдеттері. Яғни балада сапалы, дұрыс тамақтану әдеті қалыптаспаған. Қазір балалар каллориясы көп, құрамында қанты бар тағамдарды өте көп тұтынады. ДДСҰ мәліметінше, балалар тәулігіне 25 грамдай қант тұтынуы керек. 5 шай қасық. Бірақ бір коланың өзіне 65 грамм қант бар. Ал бургер, фри, тәтті сусын болса, 120 грамм қант тұтынады екен. Бұл тым көп.
Тіпті үлкендер жағы баланы тәтті беріп алдарқатады. Бірақ мұның салдарын сараптамайды. Статистикаға сүйенсек, елде 1-типті қант диабеті 66%-ға өскен. Иә, «ауру – астан» деп білген қазақ бағзыдан дұрыс тамақтанудың маңызын терең түсінсе керек. Алайда жасыратыны жоқ, табиғи таза өнім дастарханымызда көп табыла бермейді. Маманның айтуынша, жасынан ет жеп өскен баланың семіздікке шалдығуы сирек. Сондай-ақ тұзға да аса сақтықпен қараған жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұзды тәуілігіне 5 грамнан артық тұтынбауға кеңес берсе, отандастарымыз күніне 17 грамм тұз жейді.
Қазақстандықтар күніне 17 грамм тұз жейді
Гүлмаржан Құрманова, отбасылық дәрігер, нутрицолог:
- Үшінші фактор бұл - ұйқы. Балалардың міндетті түрде ұйқы режимі жұрыс болуы керек. Сағат 22:00-де бала ұйықтап кету керек. Неге ұйқы маңызды? Мелотанин гармоны бөлінеді. Осы арқылы липтин және грилин деген гармондар айналымы дұрыс болады. Липтин - тою гармоны. Грилин - аштық гармоны. Бала 1-2 дейін жүре беретін болса, осы гармондардың балансы бұзылады.
Ал психолог Алма Мүсәпір семіздіктің себебін отбасындағы өзара қарым-қатынастан іздеген жөн дейді.
Алма Мүсәпір, педагог-психолог:
- Баланың ішкі «мені» 9-10 жасынан бастап ояна бастайды. Бала ішкі «менің» қамтамасыз ете алмағандықтан, ал қамтамасыз ету үшін бұл жерде жақын аймақтық даму ортасы, яғни отбасы. Отбасы баланың даму ортасы. Ал сол дамудағы көп қарама-қайшылық ол қарым-қатынас болып жатыр.
Ойын баласының ойы қазіргі таңда гажетке ауғаны ойландыратын дүние. Желмен жарысып, ат жалын тартып өспеген ұл-қызда қозғалыс та аз. Мұны статистка растайды. Елде 4 млн астам оқушы болса, соның 30 пайызы ғана тұрақты түрде спортпен айналысады.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Самат Қазанбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #балалар #семіздік #артық салмақ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz