1 қыркүйектен бастап ондағы асханалардың мәзіріне қойылатын талап күшейді.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа стандарттар енгізді. Оған сәйкес кей өнімдер мәзірден алынып, мектеп аумағында мүлдем сатылмайды.
Енді мектеп асханаларындағы тағамдарда қант қолдану 3,5 еседен аса, тұзды пайдалалану 5 есеге дейін азайтылды. Себебі тым тәтті немесе ащы тағам жас ағзаға зиян. Есесіне оқушылардың ас мәзірінде көкөніс пен жеміс көбейді. Сосын сүт өнімдері көбірек беріледі.
Қымбат Бексеитова, №103 «Келешек мектебі» асханасының меңгерушісі:
- Мәзірден кейбір өнімдерді алып тастадық. Оның ішінде шырын да бар. Себебі оның құрамындағы қант мөлшері нормадан артық болып шықты. Есесіне қырыққабат, брокколи, балық, тауық және қой еті көбірек қосылады. Сондай-ақ биыл толтыратын құжаттар да өзгерді. Енді біз азық-түліктердің каллориясын есептеп, майлардың қант пен тұздың нормадан аспауын қадағалап отырамыз. Бізге нутрицологтар көмектесіп жатыр.
Мектепте балаларды дұрыс тамақтануға үйрететін жоба да қолға алынған. Бастауыш сынып оқушылары қай тағамның ағзаға зиян екенімен қатар тамақтану мәдениетіне дейін үйренеді.
Жанат Айтова, №103 «Келешек мектебі» директоры:
- Кішкентай кезінен балалар майлы тамақты жейді. Өздеріңіз де, балалар да қуырылған тамақты жақсы көреді ғой. Ол бауырға зиянын тигізеді. Кішкентай кезінен біз балалардың денсаулығына алаңдап, сол жайында айтамыз. Содан кейін қазір байқасаңыз, балалардың көбінің тісі ауырады, қарайып кеткен. Балалар зиянды чипсы, кола ішіп жүре береді.
Бірақ мұндай ізгі бастама барлық мектепте қолға алынбаған. Тіпті оқушыларды дұрыс тамақтандыра алмайтын мекемелер де бар. Құзырлылар жүргізген тексеріс нәтижесінде 246 нұсқама беріліп, заңсыздықтар үшін 117 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 90 қызметкер жұмыстан шеттетілген.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Тамақтану стандартын іске асыру үшін мектепте тамақтануға арналған бірнеше нұсқалы үлгілік стандартты ас мәзірі әзірленді. Алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептерге арналған мәзір жасалды. Мектеп оқушыларының тамақтану стандартын енгізу, профилактикалық тексерулер жүргізу, вакцинацияны ұйымдастыру және балаларға шұғыл көмек көрсету бойынша 2 мыңнан астам мектеп мейіргерлері оқытылды.
Енді мектеп асханаларындағы мәзірді әзірлеу құзыреті Денсаулық сақтау басқармаларына берілді. Бұрын оған білім басқармалары жауапты болған. Тағамды дайындау барысын қадағалау міндеті мектептердегі медицина қызметкерлеріне жүктелді.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Әли Тұрғанбеков, Бағдат Қайыркен
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #мектеп #асхана #оқушылар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz