Алматыда сериалдар фестивалі өтіп жатыр. Almaty Series Festival - Орталық Азиядан шыққан режиссерлерді, сценаристерді, продюсерлерді, сондай-ақ барлық ірі стриминг платформа мен онлайн-кинотеатр өкілдерін біріктіреді.
Халықаралық шара режиссер Әділхан Ержановтың «Қазақтың қорқынышты ертегілері» телехикаясымен ашылды. Байқауға 70-ке тарта өтінім түскен. Фестиваль аясында сериалдар мен тәуелсіз пилоттық эпизодтар бойынша ұлттық байқау, шеберлік сабақтары, панельдік сессиялар ұйымдастырылады. Оған қоса Орталық Азияда алғаш рет француздың Series Mania фестивалінің Serial Bridges воркшопы өтеді. Айта кетейік, биыл елде үш жаңа стриминг сервисі іске қосылды. Оның екеуі өздерінің төл контентін жасайды. Көрермендер енді сериалдарды кем дегенде үш ресми платформадан көреді. Бұл сұраныстың артқанын білдіреді. Байқау 26 қыркүйекке дейін жалғасады.
Әлем Дәулетқұлов, Аlmaty Series Festival бағдарлама бойынша директоры:
- Біздің елімізбен қоса Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты бірнеше мемлекеттен қатысушылар келіп отыр. Бұл фестиваль киносүйер қауымға жаңа есімдерді таныстырады. Киноиндустрия саласында қазір жан-жақты, еңбекқор, дарынды жандар баршылық. Қазір бізде комедия, драмамен қоса, криминалдық және хоррор жанры да дамып келеді.
Дана Мырзатай, «Хабар» телеарнасының бағдарламалық директоры:
- Ең бастысы сериал көрерменге қандай ой айтқысы келеді, соған көбірек мән беремін. Әдетте телеарналарда қыркүйек айында жаңа маусым басталады. Осы жолы жаңа маусымды сүйікті «Келінжан» сериалымен бастадық. Бұл жалғыз телехикая емес. Биыл «Хабар» арнасы көрерменге 4 бірдей жаңа телехикая ұсынады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы #сериал #фестивальPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz