RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда студенттер үшін қаржылық сауаттылық туралы ауқымды конференция өтті

24.09.2025, 21:26 510

«Қаржылық сауаттылық - халықтың әл-ауқатын арттыру факторы». Алматыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Тұран университеті бірлесіп, студенттер үшін ауқымды конференция ұйымдастырды.

Мамандар ақшаны үнемдеу, сауатты бюджет құру, инвестиция салу туралы білімдерімен бөлісті. Ал Прокуратура мен киберполиция өкілдері алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін қажетті кеңестер ұсынды.

Соңғы уақытта жастар алаяқтарға алданып, дропперлік әрекеттерге баруда. Шын мәнінде, аңдамай басқан қадам арқылы қаскөйлердің сыбайласы болып шығады.

Қылмыстық кодексте ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін есепшоттарын, банк карталарын алаяқтарға берсе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ғаділбек Әкім, ҚР ҚНРДА Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің бас маманы:

- Жастар көбінесе дропперлікке түсіп кетіп жатыр. Қазіргі уақытта Ұлттық банк пен Антифрод-орталығының жұмысын халыққа түсіндіріп жатырмыз. Оның өзі де көптеген күмәнді ақша аударымдарын тоқтатып тастап отыр. Бұл алаяқтарға ақша аудармас үшін үлкен көмек болып отыр.

«Қылмыскерлерге жем болмау үшін қаржылық сауаттылық маңызды», - дейді мамандар. EGOV-тағы СТОП-кредит функциясын 3 млн-ға жуық қазақстандық орнатып үлгерген. Бұл да алаяқтықтың алдын алуға үлкен сеп болып отыр.

Дмитрий Акмаев, ҚР ҚНРДА Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің бас маманы:

- Бүгінде қаржылық сауаттылықты арттыру тақырыбы жастар үшін ерекше маңызды. Өйткені олар қаржы нарығына енді ғана қадам басуда – олар өздерінің банк карталарын алып, алғашқы банк шоттарын ашты. Біздің міндетіміз – олардың білімін арттырып,  алаяқтықтың шырмауына түсірмеу.

30 қыркүйектен бастап кепілсіз онлайн тұтынушылық несиелер бойынша «шешім қабылдау кезеңі» енгізіледі. Бұл шара Агенттіктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бастамаларының бірі. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz