Агроөнеркәсіп кешенінде алдағы 2 жылда 202 инвестициялық жоба жүзеге асады, деп хабарлайды 24kz.
Мақсат – импортқа тәуелділікті азайту. «Инвестицияға тапсырыс» тұжырымдамасына сәйкес отандық тауар өндірісін арттыру және экспорт пен терең өңдеуді қажет ететін бағытты дамыту көзделеді.
Бұл Қазақстандағы, сондай-ақ жаһандағы азық-түлік қауіпсіздігін қамту үшін қажет.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән берді. Әңгіме ауанынан импортқа тәуелділікті азайтатын кез жеткенін аңғардық. Ұлттық банк есебіне сүйенсек, кейінгі 5 жылда азық-түлік импортының тұтынудағы үлесі 21-25% болып отыр. Әрине, өнімнің басым бөлігі көрші Ресейден келеді. Отандық өндіріс те осал емес. Жыл басынан бері 2,5 трлн теңгеге жетті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 19% көп. Негізінен сүт өнімдері, ет және ет өнімдері, сондай-ақ ұн, жарма өнімдерінің өндірісі еселенген. Ендігі меже – толық өндірістік циклға көшу. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруден бастап терең өңдеуге жеткізу. Президент мұны ұлттық азық-түлік нарығын импорттан арылтуға септесуге тиіс дейді.
Раушан Дуламбаева, экономика ғылымдарының докторы:
- Геосаяси ахуалды ескерсек, импортты азайту бастамасы өте құптарлық. Бұл инфляция импортын азайтуға жасалған қадам деп білемін. Дегенмен, бұл ұзақмерзімді жоспар болу керек. Өйткені дәл қазір импортты шектеу мүмкін емес. Біздің ЕАЭО және дүниежүзілік сауда ұйымымен келісіміміз бар. Сол себепті отандық өндірісті арттыру маңызды. Әрі ол өнімнің сырттан келетін тауарға қарағанда сапалы әрі арзан болғаны жөн. Менің ойымша, алдағы 5-7 жылда негізгі азық-түлік түрлерін толық қамтуға мүмкіндік туады.
Иә, елде аграрлық саланы жаңғыртуға көңіл бөлініп жатыр. Соның арқасында ішкі өндіріс те жанданды. Дайын өнімді экспорттауға мүмкіндік бар. Қазір 3500 отандық кәсіпорын шетелдік импорттаушылар реестріне қосылған. Әсіресе, еттің жаһандық нарықтағы құны мен құндылығы жоғары. Жыл басынан бері 40 мың тонна өнімді 10 шақты мемлекетке жөнелттік. Көрсеткішті бұдан да арттыруға болар ед. Алайда тірі мал және ет экспортына шектеу қойылды. Шаруалардың өз айтары бар.
Дәурен Салықов, Мал шаруашылығы одағының төрағасы:
- 2024 жылы біз 420 мың тонна ет өндірдік. Оның 60%-ін халық тұтынса, 20%-і қайта өңдеуге кетті. Өкінішке қарай экспортқа шектеу бар. Бұл өз кезегінде халықаралық нарыққа әсер етіп жатыр. Біраз клиентімізден айырылдық. Осы шектеуді алып тастау керек. Бізге мүмкіндік берілсе, ірі қара санын 25 млн-ға жеткізе аламыз. Инвесторларды тарту мүмкіндігі зор. Бұл үшін шекараны ашу маңызды.
Жақында қабылданатын мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына шаруалар да үн қоспақ. Олар ішкі нарықтың отандық етпен толық қамтылғанын айтады. Өңделген өнім үлесі де артады. Қазір бар болғаны 4 компания дайын өнімдерін сыртқы нарыққа шығарып отыр. Ал мұндай әлеуетті кәсіпорындар айтарлықтай көп.
Дәурен Салықов, Мал шаруашылығы одағының төрағасы:
- Біз дамысақ дейміз. Етті Қытай, Ресей, Түркия нарығына да шығарғымыз келеді. Ол үшін шекараны ашып, инвесторларды тарту қажет, шаруаларға тиімді субсидия керек.
Азық-түлік қауіпсіздігі дегенде – табиғи өнімдердің маңызы артады. Ғалымдардың болжамы жаға ұстатарлық. 5 жылдан кейін нарыққа зертханада өсірілген ет шығады, 2040 жылы 3D тағамды тұтынуымыз мүмкін. 2050 жылы жасанды интеллектіге негізделген фермалардың өнімі келеді. Әрі қарайғысын айтпай қояйын. Климаттың өзгеруі, жаһандағы ахуал әсерінен қазір еліміз инвесторлар үшін тиімді болып тұр. Кейінгі 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 51% өсіп, 5 млрд доллардан асқан. 66 елді табиғи өніммен қамтыдық. Әсіресе, шикізаттың емес өнімдерге сұраныс жоғары.
Асхат Абай, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ департамент директорының орынбасары:
- Біздің агенттік қазақстандық экспорттық жобаларының жүзеге асырылуы мақсатында сенімділікті, жеделдікті қамтамасыз ететін өзінің бірқатар сақтандыру, кепілдік беру, қаржыландыру құралдарын ұсынуда. Бұл құралдардың басты мақсаты – саяси және коммерциялық тәуекелдерді азайту, экспортты қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдету және сауда тараптарының мүддесін қорғау.
Елде азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жоқ. Мақсатқа жету үшін аталған құжатты дереу қабылдау қажет. Экономика ғылымдарының докторы Раушан Дуламбаева бұл бағытта мемлекет, ғылым және бизнес тең жұмыс істеу керек дейді. Отандық өнімнің сапасы да халық үшін тиімді болғаны маңызды.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарағойшы
Тегтер #Агроөнеркәсіп #инвестициялық жобалар #Жолдау 2025Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz