Енді елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комитет – Инвесторлар құқығын қорғау комитетіне айналады.
Бұл алдымен Президент тапсырмасы. Жүктелген міндетті іске асыру мақсатында таяуда Бас Прокурор Берік Асылов «ИКС» әлеуметтік желісінде арнайы жазба жариялады. Комитетті қайта құру арқылы ел экономикасына қосымша қаражат құю жолдарын молайту көзделіп отыр. Ал бұған дейін шет мемлекеттерге заңсыз жылыстатылған қанша байлығымыз елге қайтарылып, қазына бүйірін толтырды?
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Олигополия субъектілерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаражат өндірілді. Оның шамамен 850 млрд теңгесі мемлекет кірісіне түсті. Бұл Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комитет жұмысының нәтижесі. Иә, талай жыл ел қазынасы шетелге заңсыз жылыстатылды. Оған тұсау болмағанын да мойындауымыз керек. Тек 2023 жылы Мемлекет басшысы арнайы Жарлыққа қол қойып, заңсыз шығарылған активтер елге қайта бастады.
Демек, қайтқан қаржыда қайыр бар! Өңірлерде инфрақұрылым жақсара бастады. Атап айтқанда, жалпы сомасы 375 млрд теңгеге 207 су құбыры нысанының, 177 медициналық мекеменің, 14 білім беру және спорт нысанының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, 122 млрд теңгеге әлеуметтік объектілер бой көтереді. Бұл 8 000-нан астам қосымша жұмыс орны ашылады деген сөз.
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару
Құрылыс жұмыстары - ₸ 375 млрд
207 су құбыры нысаны
177 медициналық мекеме
14 білім беру және спорт нысаны
Әлеуметтік объектілер - ₸ 122 млрд
8 000 жұмыс орыны
Берік Асылов мұндай көлемдегі қаражат осынша қысқа уақытта бұрын-соңды қайтарылған емес, деді. Ендігі мақсат – ел экономикасына қаражат құюды ынталандыратын тұтас жүйе құру.
ЦИТАТА: ҚР Бас прокуроры Берік Асылов
Біздің мақсатымыз – әр инвестор үшін түсінікті әрі болжамды инвестициялық климат құру. Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жұмысты жаңа деңгейге шығарады деп сенемін – ол экономиканы нақты ақшалай қаржымен, оның ішінде инвестициялармен толтыруға бағытталған барлық процестерді жеделдетуге және бизнеске сенімді қолдау көрсетуге көмектеседі.
Президент елдегі инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту қажеттігін айтты. Сосын, қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін де нақты білу керек. Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегені де атап өтілді. Енді Комитет атауын қайта қарау одан әрі үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік бермек.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Меніңше, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келді. Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек. Соның нәтижесінде қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Республикалық бюджетке тағы қосымша қаражат түспек.
Қосымша қаражат жайында тағы бір мысал: Олигополия субъектілерімен келісімдер жасалды. Олар елге 5,2 трлн теңге инвестиция салу жөнінде міндеттеме алды. Бұл қаржы да өңірлерді көркейтуге жұмсалады. Алматыда жаңа туристік кешен, басқа өңірлерде көлік-логистикалық орталықтар мен зауыттар салынады. Қатарында 3 000-нан астам жұмыс орыны құрылатын тау-кен байыту комбинаты бар.
Тегтер #қайтарылған активтер #комитет #Бас прокуратура #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz