Осы күнге дейін мемлекет меншігіне қайтарылған 130 актив бәссауда арқылы сатылды.
Олардың құны 48 млрд 200 млн теңгеге жуықтайды. Құнды лоттардың қатарында жылжымалы және жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар, қымбат қол сағаттар, коллекциялық монеталар мен шетелдік активтер де бар.
"Бүлінгеннен бүлдіргі алма" демекші, бастапқыда бәссаудаға шығарылған қымбат заттарға сұраныс аса жоғары бола қоймаған. Кейін жеңілдіктер жасалған соң сатып алушылар төбе көрсете бастапты. Тіпті осындай аукциондарға жиі қатысатын тұрақты алыпсатарлар да пайда болды.
Қуанышбек Мұқаш, "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" ЖШС директоры:
- Өзіміздің Үкімет қойып отырған талабы бойынша ең тиімді бағамен сату. Бұл мақсатты орындау үшін біз e-Qazyna деген өзіміздің платформамыз бар. Оның жақсы жақтары біз аукционнан бастаймыз. Аукцион ағылшын тәсілімен өтеді. Барлық актив бағаның жоғарылауымен сатылады.
Мәселен, Алматы қаласы "Байтақ" ықшам ауданында орналасқан жер учаскесі аукционға 176 млн тг бағамен қойылып, 657 млн теңгеге сатылды. Жалпы сомасы 242,6 млн теңгеге тең 115 бағалы бұйым саудаланған. Сол сияқты бәссаудаға қойылған қымбат қол сағаттар 82 млн теңгеге жуық кіріс әкелді. Сонымен қатар мәдени-тарихи құндылыққа ие бағалы жәдігерлер болды. Коллекциялық монеталар мен сақ дәуірінің артефактілері Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорын толықтырды.
Қуанышбек Мұқаш, "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" ЖШС директоры:
- Неге тиімді сатуға тырысамыз?! Өйткені әрбір үстінен түскен теңге, әр пайда әлеуметтік нысандарды халықтың игілігіне, әл-ауқатын көтеру үшін жұмсалатын ақша. Оларға спорт кешендері, мектептер, елдімекендерде су инфрақұрылымы салынады. Сондықтан осы жұмыстарға біз де атсалысып жатырмыз.
Осы кезеңде Арнаулы мемлекеттік қорға 38,1 млрд теңге аударылды. Оның ішінде 36,9 млрд теңге активтерді сатудан түскен түсім, ал 1,2 млрд теңге - оларды басқарудан түскен кірістер. Заңға сәйкес, активтердің бұрынғы меншік иелері туралы ақпарат жария етілмейді. Құпиялылықты сақтау заң талабы ғана емес, сондай-ақ сатылым процесінің тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды шарт, дейді бәссауданы ұйымдастырушылар.
Мирлан Алтынбек, Самат Қазанбаев, Ернар Нысанбай
Тегтер #мемлекет меншігі #аукцион #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz