Ақтауда өлке туризмді дамытуға бағытталған халықаралық форум басталды.
Дәстүрлі жиын Маңғыстаудың туристік әлеуетін әлемге дәріптеуді көздейді. Биыл шараға экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерден делегация қатысты. Оның құрамында танымал туристік компаниялардың өкілдері де бар. Форумда тараптар жаңа инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыру жолдарын талқылады.
Дәстүрлі форумға Чехия, Иран, Өзбекстан мен Тәжікстаннан турагенттік өкілдері келді. Ернар Берекенов туризм саласында 16 жыл бойы қызмет етеді. Қонақ үйлер желісінің өкілі Еуропаның бір топ азаматын Маңғыстаудың көрікті жерлерімен таныстырмақ ниетте. Қарақалпақстандық Маблюда Имбергенова да Ақтауға бірнеше отандасын ертіп келген.
Ернар Берекенов, қонақүйлер желісінің өкілі /Чехия/:
- Біз әлем елдеріне туристерді апарамыз. Бүгінде Еуропа азаматтарын Қазақстанның тылсым сұлу табиғаты қызықтырады. Әсіресе елді мекеннен шалғай орналасқан туристік аймақтарды көруді армандайды. Осы орайда Маңғыстауда рухани демалатын орындардың көптігі қуантады.
Маблюда Имбергенова, турагенттік өкілі /Қарақалпақстан/:
- Маңғыстауға бірінші рет келіп тұрмын. Бұл менің неше жыл арманым еді теңізді көру. Сол теңізге қарақалпақ халқын алып келу. Бұл жердің табиғатымен таныстыруды көптен ойлап жүр едім. Қазақ халқы бізбен туысқан халық.
Маңғыстау - Қазақстанның туристік картасында ерекше орын алатын аймақ. Туристерді суы мөлдір, жағасы құмды Каспий теңізі, Бозжыра, Шерқала және Қызылқұп сияқты табиғаты сұлу жерлер қызықтырады. Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алғалы 38 ауқымды іс-шара өткізді. Оларды мыңдаған турист тамашалады.
Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:
- Бұл бір ғана мәдени шаралар ғана емес. Екіншіден Ақтаудың, Маңғыстаудың туристік жағын күшейту бойынша да жасалуда. Туризмге жәрдем беруге біздің әр шарамыздың зор мәнісі бар. Ақтау секілді мәдени астанамызды Бельгияда, Еуропарламентте де танытайын деген ойымыз бар, ЮНЕСКО-да.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы:
- Биылғы жылы осы 6 айдың қорытындысы бойынша елімізге 590 млрд теңге инвестиция тартылған болатын. Туристік ағынның жылдан жылға өсуі кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырғаны. Сондықтан да, олар өзінің инвестициясын салып, жаңадан туристік нысандар пайда болып жатыр.
Қазір Қазақстан бойынша туристерге 442 нысан қызмет көрсетеді. Соның бірқатары Ақтаудың жылы жағажайында бой көтерді. Әлемді тамсандырған Бозжыра шатқалында екі визит орталық салынып жатыр. Жыл соңына дейін Кендірлі курорт аймағында халықаралық әуежайдың құрылысы аяқталады. Жоба аясында жаңа әуе рейстері ашылады. Жалпы былтыр өңірге 460 мыңнан астам турист келсе, соның 43 мыңы шетелдік.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #Ақтау #туризм #форум #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz