2027 жылға қарай елде балық импорты 67 пайызға дейін төмендейді. Яғни, сырттан балық сатып алуды азайтамыз.
Есесіне су жануарларын қолдан өсіруге басымдық беріп жатырмыз.
Алматы облысында баррамунди, Атырауда теңіз алабұғасы, Маңғыстауда фарель өсіру жобалары қолға алынды. Сандарды сөйлетсек, былтыр елге 54 мың тоннадан астам балық импортталған. Жалпы құны 200 млн долларға жуықтайды. Тауардың көбі Норвегия, Ресей, Қытай, Түркия, Эстония және Гренландиядан жеткізілген.
Балық импорты
2024 ж - 54 600 тонна
Құны - $200 млн
Негізгі сауда серіктестері - Норвегия, Ресей, Қытай, Түркия, Эстония, Гренландия
Балық импорты азаяды
Елде 1300-ден астам кәсіпкер балық шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 72 кәсіпорын ғана тауарды өңдей алады. Қазір су жануарларын қолдан өсіруге арналған жобаларға басымдық беріле бастады. Атырау облысында дәл осындай жаңа ферма салынып жатыр. Жайықтың жағасындағы аквашаруашылықта теңіз алабұғасы және бекіре өсіріледі. Бағалы балық түрлерінің жай-күйі жасанды интеллекті арқылы бақыланады, дейді кәсіпкер.
Мұса Сұлтанғалиев, шаруашылық жетекшісі:
- Бұл соңғы технология. Мына жерде шабақтар өседі. Осында жасанды интеллектіні қондырайын деп жатырмыз. Себебі балықтың жағдайына мониторинг жасауға қолайлы. Жағдайы қалай, аш па, тоқ па, соны экраннан бақылап отырамыз.
Шетелден тасымалданатын балықтар теңіз бен мұхитта ғана кездеседі. Оның ішінде фарель, майшабақ, скумбрия, баррамунди, теңіз алабұғасы сияқты түрлері бар. Сондықтан олардың бәрі бірдей қолдан өсіруге қолайсыз. Тек кейбір түрлері үшін заманауи әдіс-тәсілдерге сүйенуге болады.
Каспий теңізінде алғаш рет фарель өсірілгелі жатыр. Ол үшін Норвегия технологиясы қолданылады. Бұл жобаның Орталық Азияда баламасы жоқ.
Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:
- Үлкен шарбақты, тор қоршауда балық өсірілетін жоба іске асырылды. Жылына 5 мың тоннаға дейін қуаттылығы жетеді деп отырмыз алдағы уақытта. Қазіргі таңда 300 тоннадан бастап отырмыз. Алдағы айда балығын ішіне салып, өсіруді бастаймыз. Бірінші өнімін көктем айларында шығаратын боламыз. Осындай балықтармен импортқа тәуелділікті жоямыз деп отырмыз.
Ал Алматы облысында балық өсірілетін заманауи өнеркәсіп кешенінің алғашқы кезеңі аяқталды. Онда австралиялықтар «балық ханшайымы» атап кеткен баррамунди өсіріліп жатыр. Әзірге жылына мың тонна өнім шығарылады. Ал жобалық қуаты толық іске қосылған соң, тауар көлемі 10 есе ұлғаяды. «Министрліктің мәліметі бойынша, елде тағы 44 инвестициялық жоба кезек күтіп тұр. Бұл бастамалар импорт көлемін азайтуға серпін бермек», - дейді мамандар.
Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:
- 2027 жылға дейін біз 67 пайызға азайтамыз деп отырмыз. Президентіміз аквашаруашылық Заңына 12 маусымда қол қойған еді. Қазір ол күшіне енді. Соған сәйкес нормативтік-құқықтық актілер ережелерін дайындап жатырмыз. Келесі жылдан бастап осындай үлкен жобаларға 5 пайыздық айналымына кредит қарастырып отырмыз.
Ал экспорт әлеуетіне тоқталсақ, былтыр Қазақстан шетелге 23 мың тоннадан астам балық сатқан. Оның көбі Польша, Германия, Әзербайжан, Грузия, Қытай, Ресей, Нидерландыға жеткізілді. Көксерке, тұқы, жайын сияқты балық түрлері шетелдіктер тарапынан сұранысқа ие.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Самат Қазанбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #су шаруашылығы #статистика #балық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz