Ауыл шаруашылығы ғылым-зерттеу институтының мамандары биыл 80 гектар жерге алғаш рет сұлы мен рапс егіп, қыстық жайылым өсірді. Шүйгін шөп қалың қар астында да дәрумендерін жоғалтпай, жап–жасын күйінде тұрады.
Бойы бір метрге дейін жетіп қалған сұлы мен рапс шілде айының соңында егілген. Ғалымдардың айтуынша, бұл кезең шөптің құрамында пайдалы заттарды сақтап қалуға мүмкіндік береді. Әрі қыстыгүні малға таптырмас азық болады.
Бекет Иманқұлов, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
- Өсімдіктер 45 – 50 күнде өз фазасына жетті. Бұл рапстың гүлдеу және сұлының масақтану кезеңі. Бұдан кейін табиғи өсу тоқтайды. Егер олар одан ерте себілсе, шалылып, парлы алқаптарды ластап тастайды. Яғни құнарлылығын жоғалтады.
Мамандар биыл мал азығын тәжірибе ретінде 80 гектар жерге егіп көрді. Қыста бұл жерге жылқылар жайылады. «Құнарлы шөп ақпан айына дейін жап-жасыл болып тұрады», - дейді мамандар.
Алтынбек Абдоллаев, Солтүстік Қазақстан Ауыл шаруашылығы ҒЗИ басқарма төрағасы:
- Бірінші қар түскеннен кейін 80 бас жылқыны осында жаямыз деген ойдамыз. Олардың бойына көбірек витаминдер керек. Қажетті аминакислоттар керек. Соның барлығын жап-жасыл рапстан алуға болады.
Ғылыми жоба шабындық жемшөп дақылдарын әртараптандырып, қысқа құнарлы мал азық қорын дайындауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ет пен сүт өндірісін дамытады. Жалпы биыл облыс бойынша 1 млн тоннаға жуық шөп шабылады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ауыл шаруашылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz