Елдегі құмар ойындар нарығын мемлекеттік реттеу күшейеді, деп хабарлайды 24kz.
Ол үшін Бірыңғай есепке алу жүйесі енгізіледі. Мысалы, заңды букмекерлік кеңселер мен казинолар, олардың заңды сайттары «ақ тізімге» енеді. Ал, заңсыз дүниенің бәрі бұғатталып отырады. Сөйтіп, ойын бизнесін ұйымдастырушылардың әр қадамы, яки әрбір бәс тігу фактісі бақылауда болады. Сәйкесінше, ешбірі салықтан да жалтара алмайды.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Мысалы, адам заңсыз букмекерлік кеңсеге барып, ақшасын салды делік. Мекеме заңсыз болғандықтан да салығы есептелмейді, қаражат оффшорға кетеді. Танымал схема. Енді оған тосқауыл бар. Нарықты Бірыңғай есепке алу жүйесі арқылы онлайн бақылау енгізілуде. Енді барлық ставка тіркеліп отырады. Ойнаған адам биометриялық сәйкестендіру тексерісінен өтеді.
Цитата: ҚР ТСМ Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті:
- Бірыңғай есепке алу жүйесі – бұл мемлекетке ойын бизнесін ұйымдастырушылар арқылы жасалған әрбір бәс тігуді бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық құрал. Бұл ретте құмар ойындар нарығын реттеуден бөлек, дене шынықтыру мен спортты дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларға міндетті аударымдар арқылы букмекерлік компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі тетігін іске асыру көзделген.
Букмекерлер елге қаржы құяды. Ойын бизнесінде жасалған әр ставканың 1%-і балалар және бұқаралық спортты дамытуға аударылады. Бір сөзбен айтқанда, букмекерлер жыл сайын шамамен 15 млрд теңгені аймақтардың дамуына жұмсауға тиіс. Енді тосқауыл жайында. Қаржылық мониторинг агенттігі 2,5 жылда ел аумағында 200-ден аса жасырын казиноның жұмысын тоқтатты. 224 адам қылмыстық жауап арқалады.
Цитата: ҚР ТСМ Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті:
- Букмекерлік кеңселердің агрессивті маркетингіне тосқауыл қойылды. Қазақстан бойынша 2 мыңнан астам билборд алынып тасталды. Сонымен қатар құмар ойындарына қатысуға өзін өзі шектеу механизмі іске қосылды. Оны 200 мыңнан астам адам қолданып үлгерді.
Елде 3,5 миллионнан астам адамға құмар ойын ойнауға тыйым салынды. Олардың 250 мыңға жуығы мемлекеттік қызметші мен күштік құрылым өкілдері. Бір міндет – ойынға құмартқандар санын азайту болса, екіншісі – саланы мемлекеттік реттеуді күшейту. Биыл елде ауқымды заңнамалық түзетулер қабылданды.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады.
Алайда шетелде тіркелген онлайн-казинолардан қауіп сейілмей тұр. «Ойын бизнесі туралы» заңға сай ел ішінде олардың қызметіне толық тыйым бар. Соған қарамастан жыл басынан бері шетелдік онлайн-платформаларға шақыратын 17 мыңнан астам сілтеме бұғатталған.
Авторы: Рухани Әбдірахман
Тегтер #құмар ойындар #нарық #салықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz