RU
Толық нұсқаға өту

Алдағы бес жылда 1 млн қазақстандық ЖИ дағдыларын үйренеді

26.09.2025, 20:51 360

Қазақстан – электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша 193 елдің арасынан 24-орынға тұрақтады, деп хабарлайды 24kz.

Сондай-ақ еліміз онлайн қызметтер индексі бойынша бірқатар мемлекетті басып озып, үздік 10 ел қатарына кірді. Әлем сандық дәуірге қадам басқан кезеңде тұралап қалуға болмайды. Жуырда мәжілісмендер «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын қабылдаған еді. Ал бүгін елдің осы бағыттағы жетістіктері Парламенттік тыңдалымда талқыланды. Салалық ведомство басшысы депутаттарға цифрландыру әлеуетін таныстырды. Сөзіне сүйенсек, алдағы 5 жылда 1 миллион азаматты жасанды интеллект дағдыларына үйрету көзделген. Арнайы сабақтар мектеп оқушыларынан бастап, мемлекеттік қызметшілер мен бизнес өкілдерін де қамтымақ.

Жасұлан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а.:

- Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойды. Цифрлық мемлекет ең алдымен цифрлық азаматтар екенін атап өткен жөн. Біз барлық санаттағы халықтың, соның ішінде азаматтардың, кәсіпкерлердің және мемлекеттік қызметшілердің өмір тіршілігін қамтитын цифрлық мемлекетті құрып жатырмыз.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бізге ЖИ-дің қазақстандық моделі қажет. Мемлекет басшысы алдымызға осындай міндет қойып отыр. Ол азаматтарымыз үшін қауіпсіз, экономикамыз үшін тиімді, ұлттық мүдделерімізге сай болып, еліміздің прогрессивті дамуына серпін беруі тиіс. Бұл жай ғана жарыс емес. Ақыл, ой мен білімнің бәсекесі. Ол бәйгеде озық елдердің қатарында болуға біздің мүмкіндігіміз жеткілікті. Осы жолда бүгінгі тыңдалым ЖИ-ні жаппай енгізу ісіне өзіндік үлес қосады деп мен сенемін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz