Шымкентте Судьялар одағы XI спартакиадасының финалдық ойындары басталды, деп хабарлайды 24kz.
Елдің әр өңірінен жиналған қатысушылар спорттың тоғыз түрінен жекелей және командалық сайысқа түсіп, өзара бақ сынап жатыр. Салауатты өмір салтын дәріптеуге арналған дәстүрлі жарыс 2002 жылдан бері өткізіліп келеді.
Судьялар спартакиадасының финалдық кезеңіне 20 команда жолдама алды. Олар төрт өңірде өткен іріктеу турнирде үздік атанып, шеберлігін көрсетті. Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Барлық қарысушыларға табандылық, әділ бәсеке және жарқын жеңістер тілеймін. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, есте қалар тамаша сәттер мен биік жетістіктерге толы болсын.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңызын айрықша атап өтті. Ұлт саулығын сақтау үшін салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Осыған байланысты судьялар да спорт пен еңбекті егіз ұғым санап, спартакияданың мән-маңызына тоқталды.
Нұрсерік Шәріпов, ҚР Жоғарғы сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
- Судьялардың басым өмірі кабинетте өтеді. Жұмыс істеп, істі зерделеумен өтеді. Күрделі істерді қарау үшін тек қана алтын уақыт емес, сонымен қатар күш-жігер де жұмсалады. Сондықтан бір мезгіл серігіп, салауатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа пайдасы мол.
Спартакиада спорттың 9 түрінен ұйымдастырылды. Командалар шағын футбол, волейбол, арқан тарту, бильярд, теннис, тоғызқұмалақ, шахмат пен дойбыдан өзара сынға түсіп, кім мықтыны анықтап жатыр. Үздіктер арасында бәсекелестік жоғары.
Ғани Бектаев, футболдан Шымкент судьялар командасының капитаны:
- Абай облысымен ойнадық. 2:1 есебімен жеңіске жеттік. Алда тағы да үш ойынымыз бар. Судьялар тек дауды шешпей, спортқа да өзінің бейім екенін, жақын екенін дәлелдеп жатыр.
Дәстүрлі спартакиада судьялар арасындағы әріптестік байланыс пен қарым-қатынасты нығайтуға сеп болды. Финалдық ойындар үш күнге созылады деп жоспарланған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан
Тегтер #Шымкент #судьялар #спартакиада #финалPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz