Полицейлер сәйкестендіру нөмірі өшірілген қарудың иесін енді санаулы секундта анықтай алады, деп хабарлайды 24kz.
Сондай-ақ салаға биологиялық ізді жылдам табатын автоматтандырылған жүйе енгізіліп жатыр. Заманауи технологиялар Қызылордада өткен «Цифрлық криминалистика» форумында таныстырылды.
Сәйкестендіру нөмірі өшірілген атыс қаруының иесін бірнеше секунтта анықтауға болады. Цифрлық магнитооптикалық құрылғы металдағы өшірілген таңбаларды қайта қалпына келтіреді. «Бұл қылмысты ізін суытпай ашуға көмектеседі», - дейді мамандар.
Игорь Стародубцев, сарапшы:
- Мына мылтықтың сәйкестендіру нөмірін өшіріп тастаған. Ал магнитооптикалық құрылғының көмегімен металл бөлшектің магниттік өрісіндегі өзгерістерді оқып, сол нөмірді қайтадан айқын көруге болады. Бүгінде көбіне химиялық әдіс, яғни, қышқыл арқылы ойып шығару тәсілі қолданылады. Оның кемшілігі де бар: біріншіден, зерттелетін заттың беткі қабаты бүлінеді, екіншіден, денсаулыққа зиянды химиялық элементтер пайдаланылады.
Интернет алаяқтарды анықтаудың әдістері де жаңарды. Киберполицияның арнайы бағдарламалары уақыт талабына сай жетілдіріле бермек.
Әділби Жүсіпов, облыстық ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы:
- Технологияларды өндіруші фирмалар алып келіп, ғылыми-техникалық құралдарды көрсетуде. Осы бағыттағы жедел кримминалистика саласындағы жаңа құралдардың әсерімен қылмыстарды ашудағы жаңа рөлдерін жетілдіру мақсатында таныстыру іс-шаралары өтіп жатыр.
Бірнеше күн жасалатын зерттеу нәтижесіне енді қас-қағым сәтте қол жеткізуге болады. Криминалистика саласына генетикалық сараптамаларға арналған автоматтандырылған жүйе енгізіле бастаған.
Бекжарас Сүлейменов, Қарағанды ОПД Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы:
- Оқиға орнында көзге көрінбеген дәлелдеме заттарды, яғни, биологиялық заттарды – шаш, қан және қол іздерін анықтайтын құрылғы. Бұрын көзбен қарап зерттелетін. Сондай-ақ бұл құрылғының сапасы оқиға орында жылдам, тез және сапалы алуға үлкен үлес қосады.
Қазіргі таңда мұндай жүйе тек Қарағанды облысында ғана қолданылады. Дегенмен, Ішкі істер министрлігі жаңа жүйені еліміздің барлық өңіріне сатып алуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин
Тегтер #Қызылорда #полицейлер #заманауи технологияларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz