Органикалық ауыл шаруашылығын дамыту – аграрлық саланы табысты етудің бірден бір жолы. Себебі, әлемде табиғи таза өнімдер нарығы жыл сайын өсіп келеді.
Бұл салада Қазақстанның үлесі қандай? Бүгін Алматыда басталған Орталық Азия елдерінің «Органик ЭКСПО-2025» өңірлік форумында отандық және шетелдік ғалымдар, фермерлер мен құзырлы мекеме өкілдері саладағы мәселелер мен болашағын ортаға салды.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Табиғи таза өнімдерді тұтыну қазір сән емес, қажеттілік. Түрлі сырқаттардың бас көтеруі, химиялық қоспасыз, пестицидсіз азық-түлікке басымдық беру керек екенін аңғартуда. Сондықтан органикалық өнімге сұраныс жоғары. «Мәселен, әлемде органикалық нарық жыл сайын 8-10%-ке өсуде», - дейді мамандар. Табиғи таза өнім өндіруде еліміз де әлемге танылып келеді. Сертификатталған жерлердің көлемі артып, отандық өнім экспортқа шығып жатыр. «Алайда, бұл қыруар қаржы мен еңбекті қажет етеді», - дейді мамандар.
Арсен Керімбеков, Қазақстанның органикалық өнім өндірушілер одағының директоры:
- Өнімділік төмен, жылдам нәтиже беретін химиялық тыңайтқыштарды қолдана алмайсыз, өсімдіктерді қорғау құралдарын да пайдалана алмайсыз. Бірақ әлемде бұған арналған технологиялар бар. Мысалы, картоптың қасына гүл отырғызсаңыз, колорад қоңызы картопты жемейді, бірақ гүлді жақсы көреді. Бірақ егер сіз бір қатар картоп, бір қатар гүл отырғызсаңыз, картоп аз болады, бірақ таза болады.
Бұл жерде ғылым көмекке келеді. Органикалық өнім өндіруде зиянды организмдер, арамшөптер, аурулар өнімге шығын келтіреді. «Фермерлер одан қорғану үшін биолоиялық құралдарды қолдану керек», - дейді ғалымдар. Бұл кешенді жұмыстың нәтижесінде мүмкін болмақ.
Бахытжан Дүйсембеков, биология ғылымдарының кандидаты, профессор:
- Бұл бағытта Ауыл шарушылығы министрлігі қазіргі таңда үлкен қолдау көрсетіп отыр. Ғылымға үлкен жобалар беріп жатыр. Химияның үлесін азайтатын бұл – биологиялық күрес тәсілдері. Барлық ғылымның бағыттарының ұштасқан жерінде ғана біз осы жақсы таза өнім алуға кепілдік бере аламыз. Соған біздің ғалымдар жұмыс жасап жатыр.
Органикалық өнімдер қатарында омарта шаруашылығының орны ерекше. Қазақстан балы өзінің табиғи тазалығы мен жоғары сапасы үшін елімізде де, шетелде де сұранысқа ие. Алайда, омарташылардың айтуынша, бұл сала мемлекет тарапынан әлі де жеткілікті қолдау таппай отыр.
Сергей Петров, омарташы (Қостанай облысы):
- Омарта шаруашылығы – Қазақстан экожүйесінің ажырамас бөлігі. Егер аралар жойылып кетсе, тозаңдану арқылы көбейетін 75 түрлі өсімдік түрі жойылады. Бұл – бүкіл ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды мәселе. Аралар болмаса, бізде мал азығы болатын шөп түрлері өспейді. Яғни, аралар – тек бал ғана емес, ет өндірісінің де негізі. Аралар болмаса, ет те болмайды, өйткені шөп болмайды.
Қазақстанда 65 шаруашылық органикалық өнім өндірумен айналысады. Оның ішінде: 58 шаруашылық еуропалық стандарттар бойынша сертификатталған, ал 7 шаруашылық ұлттық стандарттар бойынша жұмыс істейді. Еліміз 2003 жылы құны 8,9 миллион еуро болатын органикалық өнім экспорттаған. Бұл көрсеткіштер органикалық ауыл шаруашылығы «жасыл» экономиканың қозғаушы күші екенін көрсетеді.
АвторларыҮ Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #шаруашылықтар #Алматы #форумPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz