RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысында туризм фестивалі өтті

27.09.2025, 21:24 327

Қарағанды облысында туризм қарқынды дамып келеді. Биыл бұл салаға 14 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған.

Кеншілер қаласында өткен облыстық фестивальда жаңа туристік нысандар мен маршруттар таныстырылды. Дүниежүзілік туризм күніне орай ұйымдастырылған кең ауқымды шараға туроператорлар, кәсіпкерлер мен жастар қатысты. 

Фестиваль аясында қаланың орталық саябағы бір күнге туристік орталыққа айналды. Қатысушылар палатка құруды үйреніп, керме арқанмен және кедергілі сүрлеумен жүру бойынша шеберлік сабағынан өтті. Сонымен қатар байдаркамен жүзу бойынша көрсетілім мен тау-тасқа шығу үшін арнайы жабдықталған велосипед көпшілік назарына ұсынылды.

Павел Кистанов, облыстық Туристік клуб директорының орынбасары:

- Біз жастарды туризмге баулу жұмысын белсенді түрде жүргізіп келеміз. Бүгінгі шара соның бір мысалы. Қатысушылар табиғат аясында қауіпсіз әрі дұрыс демалуды үйренеді. Әрине, қоршаған ортаны таза ұстау туралы да жан-жақты түсіндіреміз. Бүгінде біздің облыстық туризм клубының 2000 –нан астам мүшесі бар. Олар өзінің білгенін өзгелерге насихаттайды.

Шара аясында ұйымдастырылған көрмеде аймақтың туроператорлары, қонақүйлер, дәмханалар мен туристік клубтар өз өнімдері мен қызметін ұсынды. Қатысушылар жаңа серіктестер тауып, келешек жобалары жайлы пікір алмасты.

Бақтияр Бекмұрзаев, «Vizit Qaraganda» туристік-ақпараттық орталығының директоры:

- Туризм тек қана демалыс емес, оның ішінде экономика да жатыр. Туризмнің ішінде жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту мәселесі бар. Сондықтан туризмге кеңінен қарауымыз керек деп ойлаймын. Бүгінгі күні фестиваль аясында бірінші ресми бөлігі, одан кейін туризм саласының жәрмеңкесі ұйымдастырылып отыр. Ол дегеніміз біздің тарапымыздан кәсіпкерлерге өзінің бизнесін әрі қарай жалғастыру үшін мүмкіндік жасап беру. 

Бұл күні өңір туризмінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар Алғыс хатпен марапатталды. Бүгінде Қарағанды облысы туризмге инвестиция салғысы келетін кәсіпкерлер үшін тартымды өңірге айналып отыр. Биыл бүл салаға 13,8 млрд теңге инвестиция құйылған. Соның негізінде Қарқаралы, Бұйратау, Қызыларай таулы өлкелері мен Балқаш көлі жағалауында туризм жан-жақты дамуда.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz