RU
Толық нұсқаға өту

Биыл Қызылорда облысында 80 мың гектардан астам күріш егілді

28.09.2025, 11:02 485

Бүгін елдің ең басты ақпараттық арнасы әзірлеген екі сағаттық телемарафон барасында жұмысшы қауымның тұрмыстары мен еңбектеріне ерекше тоқталатын боламыз, деп хабарлайды 24kz.

Солардың алғашқы легі де қазір дайын болған секілді. 

24kz телеарнасы бүгін елдің барлық аймақтарында тілшілерімен тікелей эфирге шығып, шетелдегі тілшілеріміздің әзірлеген жұмысшы мамандықтарына қатысты әлемдік тәжірибелерді де ортаға салатын болады. Ендеше дәл қазір бізбен Қызылордалық әріптестеріміз тікелей қосылуға дайын тұр екен. Сөз кезегін Сыр өңіріндегі әріптестерге берсек.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Біз тұрған Дүр Оңғар ауылының егін алқабында 3 мың гектарға жуық күріш жайқалып тұр. Ел ырысын шашпай-төкпей жинап алу үшін еңбеккерлер күні-түні тынымсыз тер төгуде.

Солардың бірі – 62 жастағы Алдаберген Сәрсенов табаны күректей 40 жылдан бері күріш өсірумен айналысып келеді. Ол биыл 73 гектар Сыр маржанын күтімге алыпты. Ерте көктемнен топырақ қопсытып, дән тастап, тыңайтқыш себу, суару жұмыстарын мүлтіксіз атқаруға тырысқан. Соның арқасында биыл мол өнімге қол жеткізіп отыр. Еңбеккерлер үшін өнімді уақытылы жинап алу маңызды. Жаңбыр жауса, жұмыс бірнеше күн тоқтап қалады.

Сәрсеновтарды күрішшілер әулеті деуге болады. Алдаберген Сәрсеновтың әкесі де өмір бойы ауыл шаруашылығын түлетуге үлес қосқан жан. Өмір бойы мал да баққан, егін де еккен. Бүгінде бұл жолды Алдаберген ағаның ұлы Айдәулет те жалғастырып келеді. Ол бірнеше рет шаруашылық бойынша үздік комбайншы атанып та үлгерген.

Биыл Қызылорда облысында 80 мың гектардан астам күріш егілді. Мамандар қамбаға жарты миллион тоннаға жуық Сыр маржанын құюды жоспарлап отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz