Бүгін – машина жасау саласы қызметкерлерінің атаулы күні. Ал Қостанай – отандық машина жасаудың ірі орталығы. Бүгінде бұл салада 8 мыңнан астам адам жұмыс істейді, деп хабарлайды 24kz.
Басым бөлігі жастар. Өңірде автоөндірістің дамуымен механик, авто электрик, слесарь деген мамандықтарға сұраныс артқан.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Дәнекерлеу цехы – автоөндіріс технологиясының ең бір күрделі желісі. Осы жерде 90-нан астам ұсақ тетіктер қорапқа бекітіледі. Бұл айтар ауызға оңай, ал шындығына келгенде, қиюын қиыстырып, жымын білдірмей, дәнекерлеу аса бір дәлдікті, жауапкершілікті қажет етеді. Осындай көлік жинау, көлік құрастырудың күрделі технологиясын өзіміздің өрімдей қыз-жігіттер игеріп алған.
Дәулет Тыныштық, дәнекерлеуші:
- Дәнкерлеу кезінде детальдардың бір-біріне жуықтанғанын, дұрыстап түскенін бір-біріне қарап, содан кейін өздерінің нүктелерін дұрыстап қоюға мән береміз. Негізі бәрінде 990 нүкте дәнекерлейміз.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Мынау көліктің сыртқы бетін тегістеу, құрастыру желісі. Осы желі бойында 12 бекет бар. Әр бекетте жеке бір, белгілі бір бөліктері орнатылады. Бұл желі бойында 35 адам бір ауысымда жұмыс істейді екен. Солардың бірімен Сіздерді қазір таныстырсам деймін.
Жиырманың ішіндегі жас жігіт Бекзат Білісбайдың автозауытта жұмыс істеп жатқанына екі жыл болыпты. Қаршадайынан техникаға құштарлығы осында жетелеп алып келген.
Бекзат Білісбай, механикалық жинау жұмыстарының бригадирі:
- Мен өзімнің мамандығым – ауыл шараушылығы механизаторы және слесарь, осы зауытта өзім слесарь болып орналастым. Осы жерде көтеріліп, бригадир болдым.
Қостанай автозауытында әлемге әйгілі автокөліктің алты бренд түрі шығарылады. Сәнділігі мен сапасы шетелдікінен еш кем емес. Жақын күндері өңірде тағы бір ірі өндіріс орыны – КІА автозауыты іске қосылмақ. Тиісінше, техникалық мамандарға сұраныс арта түседі. Қазір облыстағы 7 колледжде тек қана машина жасау саласына қажетті мамандықтар бойынша екі мыңға жуық студент білім алып жатыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Тегтер #Еңбек күні #Жұмысшы мамандықтар жылы #жастарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz