RU
Толық нұсқаға өту

Павлодарлық трамвай жүргізуші 30 жыл бойы тынбастан еңбек етіп келеді

28.09.2025, 16:00 580

Павлодар тұрғыны Игорь Алейниктің трамвай жүргізгеніне отыз үш жыл болыпты.

Бұл жай ғана жұмыс емес, өмірімнің мағынасы, тағдыр жолым дейді ол. Өйткені бір салада еңбек етіп жүріп, өмірлік жарын да осы ұжымнан тапқан. 

Бүгінде трамвай паркінде 500-ден астам адам еңбек етеді. Солардың бірі Игорь Алейник. Ол қаланың шырт ұйқыда жатқан сәтінде жұмысқа шығып, темір дөңгелекті көлігімен көше тыныштығын жарып өтеді. Осы бір қалыпты тіршілікпен 33 жыл зу етіп өте шыққан.

Игорь Алейник, бірінші санатты трамвай жүргізушісі:

- Таңғы 5:15-те жолға шығамын. Көшелер бос, аялдамаларға алғашқы жолаушылар келіп жатады. Сол сәтте кеудеңді бір мақтаныш кернейді. Өзіңнің қоғамға керек сезінудің өзі нағыз бақыт.

Игорь Алейниктің жары да трамвай жүргізушісі. Олардың өмір жолы осы салада тоғысқан. Бір ұжымда танысып, бүгінде бір бағытта бірге еңбек етіп келеді.

Игорь Алейник, бірінші санатты трамвай жүргізушісі:

- Мен трамвай жүргізушісі болғаныма  ешқашан өкінбеймін. Күн сайын қаншама адамды діттеген жеріне жеткіземін. Студенттерді — сабағына, жұмысшыларды — еңбек орнына, қарияларды — емханаға, ал біреулер мүмкін, өміріндегі ең маңызды кездесуге бара жатқан шығар.  Жолаушылар амандасып жатады, тіпті танымайтын адамдар да басын изейді. Бұл халықтың ықыласы.

Трамвай жолының ұзындығы Павлодар қаласында 89,4 шақырымға созылып жатыр. Қала көшелерімен күн сайын ерсілі-қарсылы 80 трамвай жүйткиді. Қазір вагондардың жалпы саны жүзден асады. Былтыр павлодарлық трамвайлар шамамен 15 миллион жолаушы тасымалдаған.

Анна Латюк, қала тұрғыны:

- Мен күн сайын 14-бағыттағы трамваймен жүремін. Көлік жүргізушілері де, кондукторларда өте қарапайым. Жұмыс  бір жүйеге қойылған. Артық әңгіме айтылмайды. Менің ойымша трамвай жүргізу оңай емес. Бұл  өте жауапты әрі қиын жұмыс.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

Трамвай — қала өміріндегі маңызды қоғамдық көлік. Оны тұрғындар жиі пайдаланады, біз де сол қатарданбыз. Себебі жолда кептеліс жоқ, экологиялық жағынан таза, жолаушыларға қолайлы. Ең бастысы — кестеден жаңылмай, уақытында жүреді. Бүгінде Павлодарда 50 мыңнан астам адам күн сайын трамваймен қалаған жеріне дер кезінде жетеді.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz