RU
Толық нұсқаға өту

Адал еңбек телемарафонда көрсетілді

28.09.2025, 19:00 838

Еңбек күнінде жұмысшы қауымның мәртебесі биіктей түсті.

24kz арнасы айтулы күнде екі сағаттық телемарафон өткізіп, жұмысшы қауымның тұрмысы мен ерен еңбегін көрсетіп жарияға жар салды. Аймақтағы тілшілері тікелей эфирге шығып, шетелдегі әріптестеріміз әзірлеген жұмысшы мамандықтарына қатысты әлемдік тәжірибелерді де ортаға салды. 

Бұл телемарафонға 24kz арнасының ұжымы жұмыла кірісті. Екі сағат бойы қос тілде ел іші мен шетелдегі тілшілер қосыны еңбек адамдары жайлы тың ақпараттарымен бөлісті. Өңірдегі тілшілер тікелей эфирге шығып, түрлі сала мамандарымен тілдесті.  

Данияр Сұлтан, 24KZ арнасының редакторы: 

- Біздің өңірлер тыңғылықты бір ай бойы дайындалды. Демалыс күні болса да жүктемеге қарамастан абыроймен атқарып шықты. Динамикалық жағынан өте бір ерекше шынайы сюжеттер болды.  

Жүргізушілер де тікелей эфирдің көрігін қыздырды. Қарапайым жұмысшының еңбегімен қатар студияға келген түрлі мамандармен сұхбат құрып, адал еңбектің құндылығын кеңінен насихаттады.  

Марал Байғара, 24kz арнасының жүргізушісі: 

- Адал еңбек арлы адамның ісі. Қазір ел экономикасының әр саласында 9,7 млн адам жұмыс істеп жүр. Президент тапсырмасымен биыл жұмысшы мамандықтар бойынша 1,6 мың кәсіби стандарт жаңартылды. Осының негізінде білім беру бағдарламаларының 87%-ы қайта жазылды. Биыл тағы 100 кәсіптік стандарт әзірленбек.  

Болжам бойынша жақын болашақта жұмысшы мамандарға деген сұраныс арта түспек. Алдағы 6 жылда 1,6 млн жұмыс күші керек. Сондықтан адал еңбек, маңдай тер қашанда құрметке лайықты болатыны сөзсіз.  

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі: 

- Бүгінде елімізде 9 млн адам жұмыспен қамтылған. Оның 5 млнға жуығы жұмысшы мамандар. Қазірде жұмыспен қамтылғандардың орташа жасы – 40 жас. Оның 39 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Ал 12 пайызы 55 жастан жоғары азаматтар. Халықаралық үрдіске сай болсақ онда виртуалды жобалаушы, цифрлық агроном, цифрлық логист, операторлар сияқты жаңа мамандар көп керек болады.  

Бүгінде жұмысшы мамандықтардың мәселесін шешіп, мәртебесін көтеруге 20 өңір мен 13 мүдделі министрлік жауапты. Барлығы 7 бағыт, 70 іс-шара қамтылды. Мақсат айқын. Биыл мектептерде 1 мың бейінді сынып құру межесі бекіді. Соның 800-ден астамына қол жеткізілген. 

Айнұр Қуатқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz