Ақтауда көше жолдарының сапасын бақылау жасанды интеллект көмегімен атқарылады.
Мамандар шағын ауданішілік жолдардың жай-күйін озық үлгідегі құралмен тексеріп, өз жұмысына салғырт қарағандарды анықтайды. Жыл басынан бері бірнеше ықшам ауданда жол учаскелері жауапты мердігердің өз қаржысына қайта төселген.
Көше жолы сызықтарының талапқа сәйкес келуін мамандар автоматты құрылғымен тексереді. Заманауи үлгідегі құрал өлшемдерді тіркеп, ақаулықтарды жедел анықтайды. Жылжымалы жол зертханасы биыл 15 шағын аудан жолдарын тексерген. Жасанды интеллект асфальт жабындының жай-күйін зерделеп, тез арада жөнделуі керек жерін дәл көрсетеді.
Мерей Әлиев, жол инженері:
- Қазіргі таңда жасанды интеллектпен жұмыс істейміз. Бұрындары мысалы, 100 шақырымды 4 күнде өңдеп, ол қандай кеңес беруге жататынын беретін болсақ, мұның ерекшелігі – төрт күндік жұмысты 4 сағатқа қысқартып берді.
Жол құрылысы материалдары арнайы қапшықпен Ақтаудағы зертханаға жеткізіледі. Сынаманың қай аумақтан алынғаны, асфальт жабындының қандай температурада болғаны QR-кодта жазылған. Одан әрі сынаманың құрамы зертханалық жолмен мұқият тексеріледі. Әр құрал онлайн бақыланады. Яғни жасанды интеллект сынамадан анықталған ақаулықтар туралы мәліметті өзгертуге жол бермейді.
Ерболат Шаймұрат, «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК филиалының зертхана меңгерушісі:
- Жер төсемесі, яғни ПГС, ЩПС қиыршық тас, малта тас, жалпы жолға қатысты барлық материалды сынақтан өткіземіз. Оның барлығы цифрландырылған. Егер сәйкес келмесе, жол пайдалануға берілмейді. Мердігер мекеме ақауларды жөндеп, сосын бізді шақырады. Қайтадан сынақ жүргіземіз.
Исматулла Адай, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Сынама алғаннан кейін әкімдікке қорытынды береді. Ол жолдың нормативке сәйкес келетініне немесе келмеуіне, сол қорытындыға сүйене отырып, жол қабылданатын болады. Биыл үш шағын аудан арасындағы жолдарда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Биыл облыс аумағында 50-ден астам жол құрылысы нысанында 464 рет бақылау жүргізілген. Мамандар жолдардан 1500-дей сынама алыпты. Соның 29%-ы талапқа сәйкес келмей шықты. Енді ол учаскелер жауапты мердігердің өз қаржысына қайта төселеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ақтау #жолдар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz