Көкшетауда 100-ге жуық зейнеткер каратэмен айналысады. Олардың арасында жасы 80-нен асқан ата-әжелер де бар.
Қариялар аптасына 3 рет жаттығып, шығыс жекпе-жегінің тәсілдерін меңгереді. Алдағы уақытта жарыстарға да қатысуға ниетті.
Александра Кәрімжанова – биыл 80 жасқа толды. Каратэге ден қойғанына бір жарым ай болған. Алғашында ол йога, жүгіру сияқты үйірмелерге жазылыпты. Кейін каратэ үйірмесі ашылғасын басқасын қойып, осыған түбегейлі бет бұрған.
Александра Кәрімжанова, зейнеткер:
- Аналардың бәріне жеке-жеке барғанша барлығы осы каратэнің ішінде екен. Сосын мен осында жазылып, қалдым. Маған ұнайды. Қиын емес. Ешқандай қиындығы жоқ. Мен каратэдегі дайындықтан шыққасын өзімді жеңіл санаймын. Көңіл-күйім көтерінкі жүрдім. Зейнеткер жаттығудан қалмайды. 1,5 айдың ішінде шығыс жекпе-жегінің 10-ға жуық айла-тәсілін меңгеріп алған. Ендігі мақсаты - белдік иесі атану. Ол үшін сексеннің сеңгіріне шыққан әжей кез келген жарысқа қатысуға дайын.
Александра Кәрімжанова, зейнеткер:
- Әрине, қатысамын. Денсаулық берсе қатысамын ғой. Қара белбеуге жетпесем де, бер жағындағы көк, қызыл белбеуге жетуге тырысамын.
Қазір каратэ үйірмесіне 100-ге жуық зейнеткер тіркелген. Қариялар аз уақытта спорттың қыр-сырын меңгерумен қатар, денсаулықтарын да түзеп жатқандарын айтады.
Болат Қазиев, зейнеткер:
- Қан қысымым болып еді. Қазір жоқ енді. Қан қысымым - 140/90. Екіншіден, тізелерім, аяқтарым ауыратын. Қазір ол да жоқ. Жүреміз. Шаршамаймыз.
«Белсенді ұзақ өмір» орталығында каратэден бөлек, басқа да бірнеше үйірме жұмыс істейді.
Бақыт Смағұл, «Белсенді ұзақ өмір» орталығының директоры:
- Бізде күнделікті жүктеме бойынша 150 адам өту керек. Бірақ бізде қазір күніне 300-350 адам өтеді. Сондықтан адамдардың, әсіресе зейнет жасындағы адамдардың орталыққа келіп қызмет алуға деген құлшынысы өте жоғары. Қазіргі таңда 14 үйірме жұмыс істеп жатыр.
Биыл ғана ашылған орталыққа қазір 1300 зейнеткер келеді. Бір ерекшелігі - мұнда бір адам бірнеше үйірмеге қатыса алады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #каратэ #зейнеткер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz