RU
Толық нұсқаға өту

Тауар өндірушілер реестрі іске қосыла ма?

29.09.2025, 13:45 333

Алдағы уақытта тауардың Қазақстанда өндірілгенін растайтын сертификаттардың еш қажеті болмайды. Президенттің мамырдағы Жарлығына сәйкес, отандық тауар өндірушілердің жаңа реестрі түзілмек. 

Жаңа жылдан бастап осы тізілімге енгізілген кәсіпорындар мемлекеттік сатып алуларға қатысып, қолдаудың кез-келген түрін ала береді. Алайда елдегі өндіріс ошақтары цифрлық жүйеге қашан, қалай өтетіні әзір түсініксіз.

Бұл - Астанадағы макарон өндірісі. 2006 жылдан бері қазақстандықтарды әлеуметтік маңызы бар  өніммен үздіксіз қамтып келеді. Цехтағы технологиялық талаптардың барлығы сақталған. Қамыр илеу, макаронның пішінін келтіріп- кесу, кептіріп-қаптау сияқты жұмыс толық автоматтандырылған. Жұмысшылар тек желіден шыққан дайын өнімді жинап, қаптар мен қораптарға салады. Бұл цехтан шыққан өнімдерді көрші Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің дүкендерінен табуға болады.

Нұрлыбек Серікболұлы, Макарон фабрикасының басшысы:

- 2012-2014 жылы тағы да швейцариялық Бюллер фирмасының сағатына 3 тонна макарон өндіретін тағы екі линияны қойдық. Қазіргі таңда біз сағатына 8 тонна макарон өнімдерін шығара аламыз. Сонымен қоса бізде 2008 жылы жайма өнімдерін шығаратын Италия фирмасының линиясын қойдық.

Ұн және макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорын қазақстандық тауар өндірушілер реестріне енуге тиіс. Әзірге өндіріс ошағы СТ-KZ сертификатына, яғни отандық өндіріс мәртебесіне ие. 

Әсел Забикулина, Сынақ зертханасы бөлімінің басшысы:

- 2026 жылдың қаңтарынан СТ-KZ сертификатының орнына жаңа реестр іске қосылатынын білеміз. Әзірге кәсіпорнымызға жүйенің қосылуына қатысты ешқандай ақпарат түскен жоқ.

Жалпы тауар өндірушілер реестрі не үшін керек? Оған ілігетін кәсіпорындар мемлекеттік сатып алуға қатысып, жер қойнауын игеріп, жеңілдетілген несие, лизинг, субсидия сияқты бизнеске арналған түрлі қолдауға ие болады. Бірақ жүйеге ену үшін алдымен өтінім жіберіп, цифрлық растаудан өту қажет. Бұдан кейін өндірістегі технологиялық талаптарды бағалау кезеңі бар. Одан өткені ғана реестрге тіркелетін болады. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов цифрлық жүйенің әлі дайын еместігін айтып, дабыл қағып отыр. «Жаңа жылға дейін үш ай ғана қалды. Елдегі 4,5 мың кәсіпкер осы тізімге ілігуге үлгере ме?». Көкейді тескен осы сауал.

Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің Қазақстанда 50 мыңнан аса СТ-KZ және индустриалды сертификат алған продукция бар. Яғни осындай көлемдегі, мөлшердегі продукция шығарамыз. Егер де 1 қаңтарға бұл реестрге кіре алмасақ, аталған кәсіпкерліктің бәрі мемлекеттік сатып алуға, квазимемлекеттік сатып алуға, «Самұрық -Қазына», СК Фармацияға қатыса алмай қалады. Яғни мемлекетіміз тауарсыз қалады, біз де осы елдің азаматтары ретінде де қиын жағдайға душар боламыз.

Ал жобаға жауапты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі электронды жүйенің сынақтан өтіп жатқанын айтады. 

Айдын Рахымжан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі департаментінің директоры:

- Цифрлық жүйе бойынша өтінім беру модулі толықтай дайын. Сол сияқты тексеруші органдардың цифрлық кабинеті де әзірленген. Отандық тауар өндірушілерді цифрлық растаудың скорингтік моделі де құрылған. Яғни барлық жұмыс жүргізілген. Қазір сынақтан өтіп жатыр.

Айдын Рахымжанның айтуынша, бүгінде жүйені тестілеуге 36 компания жұмылдырылды. Олардың ішінде түрлі саладағы шағын, орта және ірі бизнес нысандары бар. Жүйенің кем-кетігін, қай нәрсесін жетілдіру керегін осы кәсіпорындар құзырлы органға жіліктеп жеткізуге тиіс. Межелі жоспарға сәйкес, реестр қазанның ортасына қарай іске қосылуы керек. Сол кезде елдегі барлық тауар өндірушілер жүйеге тіркеле бастайды. Ведомство өкілінің сөзінше, бұған екі аптадай уақыт жұмсалуы мүмкін. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Асхат Қарақойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz