Футбол фанаттары таңсәріден «Реал Мадрид» ойыншылары тоқтаған қонақ үйді жағалап жүр. Олардың қатары сағат сайын көбейіп келеді.
Жалпы испаниялық клуб мінген борт соңғы тәулікте ең танымал рейске айналды. Мадридтен шыққан ұшақты Алматыға жеткенше Flight Radar сервисі арқылы 22 мыңнан аса адам бақылаған. «Корольдік клуб» Алматыға түн ауа табан тіреді. Әуежай қызметкерлері оларды ұлттық әуенмен қарсы алып, қазақы дәмнен дәм татқызды.
Түнгі әуежай бұрын-соңды болмаған футбол мерекесіне айналды. Жанкүйерлер әлемнің үздік клубтарының бірін асыға күтіп, қошемет көрсетті. Қазақы қонақжайлылық, ұлттық әуен мен спорт рухы тоғысып, көпшілік үшін есте қаларлық көрініске айналды. Футбол фанаттары елдің түпкір-түпкірінен жиналыпты.
Мадридтік «Реалдың» ойыншылары қаладағы 5 жұлдызды қонақ үйлердің біріне жайғасты. Жанкүйерлер мұнда да көп жиналыпты. Әуежайда футболшылармен жүздесудің сәті түспеді. Ал қонақ үйде күтіп тұрғандардың жолы болды. Олар Мбапеден қолтаңба алып, Винисиуспен суретке түсіп үлгерді.
Таң ата қонақ үйдің алды тағы да адамға толды. Даңқты футболшыларды бір көруге асығып қаланың әр ауданынан жеткен жеткіншектерде жетерлік.
Мен қазір футболшылр тоқтаған қонақ үйдің алдында тұрмын. Түнде Алматыға жеткен «Реал Мадрид» ойыншыларын жанкүйерлері әлі де осында торуылдап жүр. Орайы келсе естелікке суретке түсіп, қолтаңба алғысы келетін жастар көп.
Абылай Сәкенұлы, қала тұрғыны:
- Бала кезімнен «Реалды» көріп жүрмін. «Реал» мықты команда деп санаймын. Сол үшін осы жаққа келдім.
Әлтайыр Қажыбек, қала тұрғыны:
- «Реал Мадрид» ойыншыларын көруге келдім. Жанкүйерімін. Матчты асыға күтіп жүрмін. Осы жерден көріп қаламын ба деген үміттемін.
Хаби Алонсо жарақаты бар кейбір ойыншыларды Испанияда қалдырып кетті демесеңіз, Алматыға негізгі құрам келді. Бірақ дәл алаңға кімдердің шығатыны әзірге белгісіз. Алаңда қонақжайлылық жүрмейді. Алматылық «Қайрат» «Реал Мадрид» ойыншыларымен лайықты ойын көрсетеді деген сенімдеміз. Матч ертең 21:45-те Орталық стдионда басталады.
Авторлары: Алуа Ералықызы, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Реал Мадрид #жанкүйерлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz