Көптен күткен LRT пойызы іске қосылды. Әзірге сынақ режимінде. Еңселі жоба еселі еңбектің арқасында іске асып, ел игілігіне қызмет етпек, деп хабарлайды 24kz.
Ірі инфрақұрылымдық нысан елорданың келбетіне көрік қосып, тұрғындардың қала ішінде қатынауын жеңілдетеді.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Бұл көріністі ел тұрғындары көп күтті. Тіпті жарыса видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бір-бірінен сүйінші сұрап, қуанды. Құрылысы 10 жылдан асқан жоба әупірімдеп жүріп аяқталғаны ел өміріндегі маңызды оқиға.
Алып құрылыстың құны да салмақты. Ақпарат көздерінде әр шақырымына 83 млн доллар жұмсалғаны айтылады. Ал жалпы ұзындығы – 22 шақырым. Қаланың әр тұсынан 18 аялдама белгіленді. Яғни, әуежайдан басталып, «Нұрлы жол» вокзалы аралығын қамтиды. Мұндай көлік түрі сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүйткіп, тәулігіне 25 мың адам тасымалдайды.
Зау биікте зулаған пойызға тезірек міну тұрғындардың талайдан арманы. Алайда қала әкімі Жеңіс Қасымбек: «Аптықпаған жөн», - дейді. Себебі басты мәселе – қауіпсіздік. Оның айтуынша, LRT вагондары алдағы 3 пен 6 ай аралығында тек тестілік режимде қатынайды. Алғашқы рейс Абу-Даби станциясынан Мәңгілік ел көпірі бағытында орындалады.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- Пойыздарды, олардың санын, жұмыс уақытын күн сайын көбейтеміз. Бір апта ішінде 1-2 станция қосып отыру жоспарда бар. Қазан айында қосымша сегіз пойыз жеткізіледі, ал желтоқсанға дейін барлық 18 құрам болады. Осылайша, барлық пойыз келесі жылдың басында дайын болады.
Қазан айында тағы 8 пойыз қосылады. Ал желтоқсанның соңына дейін барлық уәде етілген 18 пойыз жүреді. Жол ақысы 200 теңге. «Жолаушылардың жайлылығы үшін барлық жағдай жасалған», - дейді жауаптылар. Вагондар Қытайдың Таншань қаласында құрастырылды. Толықтай автоматты жүйеде жұмыс істейді, сондай-ақ пилотсыз басқарылады.
«Жеңіл рейсті көліктің тезірек ел игіліне берілуі кезек күттірмес мәселе», - дейді мамандар.
Әлихан Көшербаев, урбанист:
- LRT кез келген ірі қала үшін керек инфрақұрылым, біздің ел үшін Алматы метрополитенінен кейін екінші ірі жоба. Біріншіден, ол статус мәселесі. Екіншіден, ол кептеліс мәселесі ғана емес, жылдам танспорттық шешім десек болады. Неге десеңіз, ол кептелісте тұрмайды. Негізі кез келген күні Астанада оң жағалаудан сол жағалауға таңертең әрқашан кептеліс болады. Кешке сол жағалаудан оң жағалауға кептеліс болады. Сол кептелісті шешетін маршрут – ол екінші маршурт.
Жаңа жоба жолаушылардың қауіпсіздігінін қамтамасыз етіп, кептеліс мәселесін шешсе игі. Иә, Алматының кебін кимесек те, жүйкеге салмақ салар көрініс. Оған қоса, бас шаһарда қоғамдық көлік те жетіспейді. Бұл енді бөлек әңгіме.
Авторы: Назерке Тоқжан
Тегтер #Астана #сынақ режиміPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz