Атырау облысындағы Мақат ауданында 107 көпқабатты үйдің тозығы жеткен, деп хабарлайды 24kz.
Өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған баспаналардың төбесінен су ағып, қабырғалары жарыла бастады. Жергілікті билік мәселені қалай шешіп жатыр?
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Мақат кентіндегі мына көпқабатты үйлердің жөндеу көрмегелі 40 жылға жуықтады. Көбінің шатыры сөгіліп, қабырағалары тоза бастаған. Осыған орай жергілікті билік оларды күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Биыл 28 үй толық жаңартылады
Нұрболат Бөлеков, Мақат аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Қасбеттерді күрделі жөндеу жұмыстарына термопанельді полифасад материалын қолданып жатырмыз. Сонымен қатар ол жұмыстардың ішіне подъездің есігін ауыстыру, домофондар қондыру және подъездің терезелерін ауыстыру жұмыстары кіреді. Толықтай 90% бітіп тұр. Жыл аяғына дейін жұмыстары толықтай аяқтауды көздеп отырмыз.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Келер жылы Мақат, Доссор кенттерінде 39 үйге осындай күрделі жөндеу жұмыстары басталуы тиіс. Алайда қаражат мәселесі әлі шешілген жоқ. Мамандар оған 2 млрд теңге қажет деп отыр.
Жергілікті билік қаражат мәселесін бюджеттен және мұнай-газ компанияларының демеушілігімен шешіп жатыр. Биыл аудан бойынша 25 млрд теңге игерілуі тиіс. Оның басым бөлігі үй құрылысына және күрделі жөндеуге жұмсалды.
Азамат Мәмбетов, Мақат ауданының әкімі:
- Биылдың өзінде біз екі пәтерлік 80 үйді тапсыруды жоспарлап отырмыз. 160 пәтердің кілтін жыл аяғында табыстайтын боламыз. Келесі жылдан бастап біздер осы жұмысты жалғастыру арқылы қосымша 100 үйді салуды тиісті инвесторлар тауып, салдыруды жоспарлап отырмыз.
Жалпы Мақат, Индер және Құрманғазы аудандарында 119 көпқабатты үй апатты деп танылған. Бұлар сүрілуді қажет ететін тұруға жарамсыз баспаналар.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов
Тегтер #Мақат ауданы #Атырау облысы #ескі үйлер #күрделі жөндеуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz