RU
Толық нұсқаға өту

Саяхатшы ата жаһанды жаяу шарлап жүр

30.09.2025, 09:38 384

Ертең қарттар күні. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді халық.

Біздің елдің қарттары қандай десе, мақтана алатын алдыңғы буын бар. 75 жастан асқан ұлытаулық Сәрсенбай ата екі жылдан бері әлемді шарлап жүр. «Қарттық та тағдырдың сыйы, өмірдің тәтті шағы. Бірақ «қартайдым» деп жаның қалаған істен жалтару жөн емес», дейді өзі. 

Марафоншы қарт осыған дейін 14 мың шақырымды жүріп өткен. Әуелі Гүржі елінен шығып, Қап таулары арқылы Стамбұлға дейін, ал былтыр Ресейдің Алтай өлкесінен өтіп, Моңғолия мен Қытайға дейін жаяу барды. Қазақтың қымыз мейрамын насихаттауды мақсат еткен жиһанкез жақын күндері тағы сапарға аттанады. Бұл жолы Болгария-Сербия-Мажарстан-Австрия-Германия және Франция мемлекеттерін көрмек.

Сәрсенбай Қотырашов мәдениет саласының үздігі, қолөнер шебері. Бірақ жұрт оны «Жиһанкез ата» деп таниды. Бала арманын жетпіс екі жасында жаңғыртқан ақсақал «Саяхаттау ешқашан кеш емес!» дейді. Қол арбасын сүйреп әлемді жаяу аралап жүрген қария алыс сапар алдында ешқандай физикалық дайындықтан өтпеген. Оның дайындығы – тынымсыз еңбек пен салауатты өмір салты. 

Сәрсенбай Қотырашов, жиһанкез:

- Егер денсаулығым күшті болсын десеңіз күніне кем дегенде 7 км жаяу жүріңіз. Өмірге деген құштарлығыңыз артады. Елді көресіз. Амандасасыз. Қан айналымын қалпына келтіреді. Сөйтіп жасарып қаласыз. Өмірге деген құштарлығыңыз артады. Адамның өзін өзі психологически заставитетуіне байланысты. Сонда ғана адам ширайды. Менің түсінігім солай. 

Сәрсенбай ақсақал әлемді араламас бұрын Қазақстанды түгел шарлап шықты. Елдегі қолөнер шеберлерінің тізімін жасап, ЮНЕСКО ұйымына тапсырды. Нәтижесінде қазір отандық қолөнершілердің пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін ортақ сайты ашылды. Ал әлемді аралаудағы мақсаты көшпелі халықтың тарихын, ұлттық сусын – қымызды насихаттау. Бұл оның бала күнгі арманы.

Сәрсенбай Қотырашов, жиһанкез:

- Сергек болу ол адамның еңбекқорлығында. Еңбек адамды шынықтырады. Екінші ұлттық намысы болу керек. Армандамайтын адам жоқ дүние жүзінде. Бәрі де армандайды. Бірақ бәрі бірдей арманға жете алмайды. Арманға жету үшін мақсат қою керек. Сол мақсат арқылы соған жоспар құрып, талаптанып ұмтылған жағдайда арманға жетеді. 

Әзірге 70 жастан асқан шағында әлемді жаяу аралап өткен ешкім жоқ. Бірақ Сәрсенбай Қотырашов менің мақсатым рекорд тіркеу емес дейді. Ақсақалдың өз межесі бар. Ол сексен жасқа дейін 40 мың шақырым жаяу саяхат жасау. Биылғы сапар сәтті аяқталса, келер жылы АҚШ-тың 8 штатын жаяу аралап өтпек. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz