Түркістан облысында «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы қарқынды жүруде.
Ұзындығы 152 шақырым болатын ірі инфрақұрылымдық жоба өңірдегі бес ауданнан өтеді. Яғни Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай мен Мақтаарал аудандары арқылы Өзбекстанға дейін жалғасып, алыс-жақын шетелдерге тауар тасымалдауға жол ашады. Бүгінге дейін 100 шақырымнан аса жердің ой-шұқыры тегістелді. Ердәуіт станциясында 4 шақырым темір жол желісі төселді. Жоба бойынша салынуы тиіс 37 көпірдің 26-да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек 125 темірбетонды су өткізгіш құбырдың 23-нің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ темір жол бойынан 3 станция, 2 разъезд бой түзейді, Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 500 метр болатын үлкен көпір салынып жатыр. Құрылысқа 350 техника мен 800-ге жуық адам жұмылдырылған. Мамандар келесі жылы 18 шақырымға теміржол төселетінін айтады. Жалпы теміржол құрылысының құны - 286 млрд теңге. Жоба 2026 жылдың желтоқсан айында тапсырылады. Ол кезде 550 адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ірі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асып, республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған.
Нұрлан Нұрбаев, ҚТЖ дирекция басқармасының басшысы:
- Темір жолдың салынуы - Түркістан облысы бойынша Мақтаарал-Жетісай аудандарының экономикалық жағдайын жақсарту бірінші кезекте. Ол жақта темір жол жоқ. Екінші мәселе алыс жатқан шетелдермен транзиттік жүкті темір жол арқылы өткізіп, Каспийден әрі қарай пароммен жіберуге үлкен ықпалы тиеді.
Тегтер #Түркістан облысы #темір жол #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz