Астанадағы ауа температурасының төмендеуіне байланысты тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу жұмыстары басталды.
Бұған дейін әлеуметтік нысандар, яғни мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер жылумен қамтылған еді. Бұдан бөлек, қазір солтүстік өңірдегі өзге де шаһарлар мен Павлодар, Көкшетау және Петропавлда жылыту маусымы жүріп жатыр. Тиісті орталықтардың жай-күйі қандай деңгейде?
Альмира Оразбай, тілші:
- Жылыту маусымына дайындықты ерте бастағандардың қатарында Павлодар облысы бар. Мұнда алдымен әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Ал қазір көпқабатты үйлер қамтылып жатыр. Мамандар жаз бойы ішкі жылу жүйелерін ретке келтірді. Алайда өңірдегі желілердің шамамен 92 пайызы есірген. Инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Солардың бірі – жылу магистралінің құрылысы. Ол қараша айында қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Бәрі сәтті жүзеге асса, тозған желілердің көлемі 77 пайызға дейін азаяды.
Мақпал Қаржаубай, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- 2025 жылғы жылыту маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында «Павлодар жылу желілері» ЖШС биылғы жылы 230 нысанда жалпы ұзындығы 3,9 шақырымды құрайтын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ұзындығы 408 шақырым болатын желілерде ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.
Ақмола облысындағы желілер де әбден ескірген. Биыл оларды жаңғыртуға 43 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 60-тан астам жылу қазандығы жөнделіп, 10 шақырымнан аса жылу желісі ауыстырылды. Әсіресе Көкшетау мен Степногорск қалаларына баса мән беріліп отыр. Қазір тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Руслан Мәкішев, "Көкшетау жылу" кәсіпорнының бас директоры:
- Бізде 1046 үй бар Көкшетау қаласында. Ол 65 үй дегеніміз онда орган управлений оси, кск жоқ болғаннан кейін. Қазір ол мәселе шешіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарына аудандық қазандыққа 826 млн.теңге бөлінді. Оған 3 жылыту қазандығын айырбастадық. Алға қойған жобаларымыз осы жылы орындалды.
Қазір ел бойынша тиісті желілер жаңғыртылып жатыр. Былтыр қабылданған маңызды шешімдердің нәтижесінде, ауқымды техникалық ақаулар болған жоқ. Ал 9 жылу электр орталығы қызыл аймақтан сары аймаққа, тағы үшеуі – сарыдан жасыл аймаққа көшті. Жалпы тозу деңгейі 64-тен 61 пайызға төмендеді.
Ержан Ертаев, ҚР ЭМ Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы:
- Жалпы айтсақ, барлық өңірлерде ЖЭО, қазандықтар және жылу желілері жылыту маусымын бастауға дайындығы бар. Жөндеу жұмыстары бүгінгі күні электростанцияларды айтсақ 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны жоспарланған, өтіп жатқан жұмыстар жылыту маусымына әсер етпейді. Сондықтан алаңдаушылық тудырмайды.
Коммуналдық инфрақұрылымды толығымен жөндеу жұмыстары былтыр қабылданған Ұлттық жоба аясында да жүргізіледі. Осылайша алдағы 5 жылда тозған жылу көздерінің көлемін 40 пайызға төмендету жоспарланып отыр.
Альмира Оразбай
Тегтер #жылыту маусымы #өңір #ауа райыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz