Абай облысында Көкпекті мен Тассай ауылдарын байланыстыратын жаңа көпірдің құрылысы басталды.
Тұрғындар өткелдің қысқа дейін қолданысқа берілуінен үмітті. Еске салсақ, осыдан екі жыл бұрын ескі көпірді су шайып кеткен еді. Содан бері ауыл жұртшылығы ұзақ айналма жолмен қатынап, біраз қиындық көрді.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- 2023 жылы тасқын судың әсерінен өткел қирап, Тассай ауылының тұрғындары жүз шақырымнан астам жерді айналып өтуге мәжбүр болған еді. Сол уақыттан бері тұрғындар жол азабын тартып келді. Қазір көпір қайта бой көтеріп, құрылыс алаңында жұмыс қызған шақ. Оған отыздан астам адам жұмылдырылған. Тұрғындардың айтуынша, жаңа өткел ауыл өміріне серпін беріп, қатынасты айтарлықтай жеңілдетпек.
Жанат Ибрагимов көлігімен күн сайын Көкпектіге қатынайды. Айналма бағытпен жүріп жаңбырлы күндері талай мәрте жолда қалған.
Жанат Ибрагимов, Тассай ауылының тұрғыны:
- Мост басталғанына біз қуаныштымыз. Міне жұмыс жүріп жатыр. Жігіттермен сөйлесіп жатырмыз, бәрі қарқынды. Тек қана үкіметтен ақша уақытында берілсе, ноябрьдің аяғына дейін өткелде жасап береміз дейді.
Тассай ауылының тұрғындары жылда табиғаттың тосын мінезіне тап болады. Көктемде елді мекеннің екі жағы суға кетіп, ел мүлде оқшауланып қалады. Ал қыста бораннан жол жабылып, тіршілік тоқтайды.
Кәтірен Байжұманов, Тассай ауылының тұрғыны:
- Қыстың көзі қырауға ілініп қалып, аяқталмай қалама деген күдік те бар, қорқыныш бар. Бірақ сенеміз. Ертең қатты қыс бола қалса мына жерде мүлде тіршілік болмай қалады. Сондықтан үміттенеміз, күтеміз, сенеміз алда көпірдің болатынына.
Жаңа көпірге 900 миллионнан астам теңге қажет. Қазір оның 200 миллионға жуығы облыс бюджетінен бөлінген. Жоспар бойынша құрылыс келер жылы аяқталуы тиіс. Дегенмен, мердігерлер қаржы уақытында бөлінсе, өткелді биыл қысқа дейін қолданысқа беруге дайын.
Қуаныш Қалиев, мердігер компания директорының орынбасары:
- Бұрынғы көпірдің ұзындығы 39 метр болған. Қазіргі жаңа жоба бойынша көпрідің жалпы ұзындығы 24 балкерден үш пролетті болып келеді және 72 метр ұзындықта. Еке есе үлкен көпір болады. Бұйырса, иә осы күзде тиісті қаражат бөлінсе жұмыстар аяқталады.
Ерлан Мекетаев, жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының бөлім басшысы:
- Облыстық бюджеттен қарастырылған 193 млн. Биылғы жылы аталған шаруа бойынша қазіргі уақытта котлован дайындау, тіректерді орнату сияқты жұмыстар атқарылуда қазіргі уақытта. Сондықтан бұл негізі келесі жылға жоспарланған аяқталу мерзімі.
Тассай ауылының тұрғындары көпірдің қолданысқа берілуін асыға күтіп отыр. Ал жұмыс кешеуілдесе, олар биылғы қысты да айналма жолмен қатынауға мәжбүр болады.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Мәди Базарбеков
Тегтер #көпір құрылысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz