Қазақстан мен Қытай шекарасында «Көлжат құрғақ порты» көлік-логистикалық орталығы бой көтермек. Порттың жалпы аумағы 8,4 мың гектар.
Оның 1 мың гектары көлік-логистика мен индустриялық нысандарға, ал 7,4 мың гектары ауыл шаруашылығына арналған жерлерге бөлінбек. Жоба аясында 45 мың шаршы метрге дейінгі қоймалар, уақытша сақтау алаңдары, контейнерлік терминал, шекара маңы сауда орталығы, электрондық сауда алаңы, сондай-ақ тұрғын және индустриялық аймақтар салу көзделген. Алғашқы кезеңде 200 гектар аумақта көлік-логистикалық аймақты келер жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Серік Сәбитайұлы, Кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңға 25 жобаның 15 бірлескен жобасы іске қосылған. Инвестиция 80 млрд теңгені құрап, 200-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Осының ішіндегі 90% – Қазақстан азаматтары.
Ал жобаның екінші кезеңі 2026- 2028 жылдар аралығында жүзеге асуы тиіс. 50 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, индустриялық аймақ құрылады. Бұл аумақта экспортқа бағытталған өнім өндіретін және қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылады деп межеленген. Сонымен қатар төмен температурада сақтауға арналған қоймалар салу көзделген. Үшінші кезеңде коммерциялық аймақтар дамиды. 2028- 2030 жылдары құрғақ порт аумағында сауда нысандары, қонақүй және көрме павильондары ашылмақ.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #теміржол #порт #шекараPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz