Биыл қазақ-қытай арасында жүк тасымалы еселенеді. Бұған еліміздегі жаңа инфрақұрылымдық жобалар тікелей әсер етеді.
Бір ғана Достық-Мойынты теміржолының екінші желісінің іске қосылуы жүк көлемін 5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Осының арқасында екі елдің сауда-саттығы ілгерілеп трансшекаралық байланыс нығая түспек.
Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 35 млн тоннаға жетеді. Қазірдің өзінде бұл жоспар артығымен орындалып отыр. Бұл еліміздегі көлік-транзиттік инфрақұрылымды жан-жақты жетілдірудің пайдасы.
Мәселен, Достық-Мойынты шекаралық теміржол учаскесі арқылы бұған дейін тек 12 жүк пойызы өте алатын. Енді теміржолдың екінші желісін іске қосу арқылы тәулігіне 60 жұп пойыз жүреді. 836 шақырымдық теміржол экспорттық тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтті. Сондай-ақ, жүк тасымалының өсуіне екі ел арасындағы кедендік, шекаралық ынтымақтастық байланыс пен құжат рәсімдеудегі жеңілдіктер ықпал етеді. Биылғы жылдың алғашқы 8 айында Қазақстан мен Қытай арасында 23,2 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға көп.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Қытайдың көлік-логистикалық ынтымақтастығы саланың қарқынды дамуына ықпал етті. Бұл бағыттағы жұмыстар бұдан әрі жалғасын табады. Қазір Қазақстанды Еуразиялық кеңістіктегі жетекші көлік хабына айналдыруға стратегиялық мән беріліп отыр. Бұл бағытта көлік жүйесін басқарудың жаңа моделін құру жоспарда. Бәсекеге қабілетті тариф саясатын жасап бірыңғай кедендік және логистикалық қызмет көрсетудің цифрлық жүйесін іске қосу көзделіп отыр.
Еліміздің аумағынан 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның ішінде бесеуі теміржол, қалғаны автомобиль дәлізі. Қазақстан арқылы өзге елдерге екі ай жүретін жүкті, екі аптада жеткізуге мүмкіндік бар. Бүгінде әсіресе теміржол тасымалы жоғары сұранысқа ие болғандықтан негізгі күштің транзитке бағытталуы заңдылық.
Қазір тағы үшінші теміржол дәлізінің құрылысы жүріп жатыр. Аягөз-Бақты теміржолы іске қосылған соң тасымалданатын жүктің көлемі тағы 25 млн тоннаға дейін артады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 34 шекаралық өткізу бекеті жаңғыртылады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жүк тасымалы #ҚытайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz