Қазақстанда тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы – «Достық – Мойынты» желісінің екінші тармағы іске қосылды.
Жаңа бағыт жүк тасымалын 5 есе арттырып, елдің транзиттік әлеуетін айтарлықтай күшейтеді. Тарихи сәтке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы қатысып, жобаның стратегиялық маңызын атап өтті.
Қалтай Сәмбетов, «Қазақстанның еңбек ері», теміржол саласының ардагері:
- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, «Достық-Мойынты» учаскесінің екінші жолдары бойынша қозғалысты іске қосу бойынша рұқсат беруіңізді сұраймын.
«Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қосу. Тарихи сәт. Жаңа бағыт жүк тасымалының көлемін 5 есе арттырып, тауар жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік ашты.
Ресми рәсімге қатысқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саланың әлеуеті зор екенін айтып, жетістіктерді жіпке тізді. Ал бүгін ашылған бағыт Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен халыққа Жолдауымда, көлік-логистика саласы – экономиканың қозғаушы күші, халықаралық байланысты нығайтатын негізгі фактордың бірі деп атап өттім. Қазақстанның бұл саладағы әлеуеті зор. Ұлы Жібек жолы Қазақстан мен Орталық Азия арқылы өткен. Қазақ жері ежелден Қытай мен Еуропа арасындағы алтын көпір саналады. Қытай – біздің мәңгі, тату көршіміз әрі сенімді одақтасымыз. Біз бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетеміз. Қос халықтың қарым-қатынасы мызғымас достыққа, өзара сенімге негізделген. Елдеріміздің болашаққа деген көзқарасы – ортақ. Көп саладағы ынтымақтастығымыз нығаюда.
Осыдан 35 жыл бұрын «Достық – Алашаңқай» жобасы іске қосылып, Қазақстан мен Қытайдың теміржолы тоғысқан болатын. Қазір Батыс пен Шығысты жалғаған еліміз Еуразиядағы маңызды көлік-транзит хабы ретіндегі позициясын нығайта түсті. Айта кету керек, осы бағытта 1тәулікте өткізе алатын пойыздар саны 12-ден 60 жұпқа дейін ұлғаяды. Контейнермен жүк тасымалының жылдамдығы тәулігіне 1500 шақырымға дейін арта түспек.
Талғат Алдыбергенов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- ҚТЖ ҰК «Достық-Мойынты» жобасын 2 жылға жоспарланған уақытынан бұрын аяқтады. 260-тан астам ғимарат, 90-нан астам көпір, 300-ге жуық жасанды құрылысы объектісі салынды. Бұл ретте қазақстандық қамту үлесі 85 пайызды құрады. Оның ішінде 1,5 млн астам шпал, 114 мың тонна рельс. Құрылыс кезінде отандық компаниялар үлкен тәжірибе жинады.
Бұл ауқымды жоба үлкен қарқынмен жүзеге асырылды. Оған 1,5 мыңнан астам арнайы құрылыс техникасы мен 3 мың жұмысшы жұмылдырылды. Осылайша, шағын және орта бизнестің 7 мың өкілі атсалысты. Осы ретте Президент игі іске атсалысқан азаматтарға өз алғысын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жұмысшыларымыз үш жылға жуық уақыт бойы күні-түні табанды еңбек етті. Осындай белсенді жұмыстың арқасында теміржол мерзімінен бұрын іске қосылмақ. Мұны, шын мәнінде, тарихи сәт деуге болады. Бұл – баршаңызға ортақ қажырлы еңбектің жемісі. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Зор ризашылығымды білдіремін.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан арқылы әлемнің ең ірі сауда нарықтарын байланыстыратын 5 теміржол дәлізі өтеді. Соңғы 10 жылда салаға 35 млрд доллар инвестиция құйылған. Келешекте де көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Осыған орай Президент барлық жоспарланған жұмысты уақытылы орындау жөнінде тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алдағы уақытта 5 мың шақырым теміржол салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 11 мың шақырым теміржол жөнделеді. Қазір «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Қызылжар станциясынан Ақтау портына дейінгі учаскелер жаңғыртылады. Бұл бағдар – Транскаспий халықаралық көлік бағдарының басты бөлігі. Мұның бәрі Еуропа пен Азияның арасын жалғап, Транс-Қазақстан теміржол бағытының, яғни Орта дәліздің қарқынды дамуына ықпал етеді.
Негізі Қазақстан экономикасының қуатын арттыруда көлік-логистика саласының маңызы зор. Президенттің сөзінше, транзиттік әлеуетті күшейту негізгі басымдық болып қала береді. Енді алдағы уақытта теміржол саласына цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр.
Авторы: Риат Шони
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #теміржол #құрылыс #Қытай #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz