RU
Толық нұсқаға өту

Оралда электр желілері жаңартылып жатыр

01.10.2025, 08:25 325

Оралдағы Хан тоғайы аумағында ескі электр желілері жаңартылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Кейінгі жылдары желіде жиі ақау шығып, жарық сөне беретін еді. Жаңа сым тартылғаннан кейін 5 мыңнан астам абонент электр қуатымен тұрақты түрде қамтылады. Жалпы облыста желілердің 80%-ке жуығы тозып тұр. Қазір жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Электр желілерін жаңарту жұмыстары жазда басталды. Қазір энергетиктер оқшауланбаған ескі желіні заманауи сымға ауыстырып жатыр. Бұған дейін қаланың ескі бөлігіндегі Коминтерн, Курени және «Пединститут» шағын аудандарында жарық жиі сөніп, тұрғындар әбігерге түсетін. Жаңа желі іске қосылған кейін мыңдаған абонент тұрақты электр қуатымен қамтылады.

Әлібек Чудров, «Орал электр желілері» ЖШС басшысы:

- Қаладағы күрделі учаскелердің бірі осы еді. Ұзындығы 3 шақырым желінің қазір жартысы ауыстырылды. Бұрынғы сымды заманауи желіге алмастырып жатырмыз. Бұл әлдеқайда сапалы әрі шыдамды. Енді тұрғындарға жарық үздіксіз беріледі.

Облыстық энергетика басқармасының дерегінше, өңірдегі электр желілерінің 79%-і тозған. Бұл мәселені шешу үшін кешенді даму жоспары әзірленді. Биылдың өзінде 700 шақырымнан астам желі жаңартылған.

Бейімбет Мусин, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Қазір инвестициялық бағдарлама аясында 6 жобаның үшеуі жүзеге асырылып жатыр. Орал қаласында 400 Ватт кабель желісі мен Жанама және Покатиловка қосалқы станциялары жаңартылуда. Қазір негізгі жұмыстың 85%-і аяқталды. Сонымен қатар «Электр желілерін жаңғырту» Жол картасы аясында тағы үш жоба үшін 10 млрд теңге бөлінді.

Қолға алынған жобалар аясында облыс орталығындағы алты шағын ауданда кабельдік желі ауыстырылады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 2 мың шақырымнан астам электр желісі жаңғыртылады. Соның арқасында тозу көрсеткішін 62%-ке дейін төмендету жоспарланып отыр.

Асланбек Шығыр, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz