RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде адам саудасына қарсы күрес күшейді

01.10.2025, 08:12 435

ЮНЕСКО дерегіне сүйенсек, жыл сайын жаһанда 1 млн адам сатылады. Бұл айналымы алпауыт нарық. Өкінішке қарай қару-жарақ, есірткі және адам саудасын тыю мүмкін болмай тұр. Дегенмен, кешенді әрі жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.

Біздің елде былтыр «Адам саудасына қарсы күрес» туралы заң қабылданды. Соның нәтижесінде бұрын жабық түрде жүрген қылмыстық істер жариялана бастады.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Адам саудасының жыл сайынғы айналымы 150 миллиард доллардан асуы мүмкін. Халықаралық сарапшылар жыныстық қанау мен мәжбүрлі еңбекке жегу белең алғанын айтады. Өкінішке қарай қылмыстың таралуына Қазақстанның да қатысы бар.

Вера Закутняя, «Сана-сезім» құқықтық орталығының атқарушы директоры:

- Қазақстан үш мәртебеге ие. Біздің елімізге мигранттар көп келеді, олар да адам саудасының құрбаны болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар кездесті. Өкінішке қарай еңбегі қаналып, тегін жұмыс күші болған шетелдік көп. Одан кейін Қазақстан транзиттік аумақ қой. Яғни, еліміз арқылы өзге мемлекеттерге өтпек болған шетелдіктердің бостандығына да нұқсан келуі мүмкін. Әрине, біздің отандастарымыз да шет елдерге оқуға, жұмыс істеуге кетіп жатады. Қабдылдайтын елде ниеті дұрыс емес адамдарға тап болуы мүмкін. Бұған қоса, ел ішінде мекенжай ауыстырған әйелдер мен ер адамдар жыныстық және еңбек қанауына душар болып жатады.

Адам саудасымен күресте мемлекет, ҮЕҰ, құқық қорғау органдары етене жұмыс істеуі шарт. Былтыр қабылданған «Адам саудасына қарсы күрес» туралы заң соны міндеттеді. Бұрын жабық түрде жүргізілген қылмыстық істер жариялана бастады.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 141 қылмыстық іс қозғалған. Ол кәмелетке толмаған балалармен, ол еңбек саласында эксплуатация, сол үшін осы заң нақты түрде бар саланы қоғамға көрсетіп отырғанын Президенттің өзі айтып кетті. Біз осы заңға көңіл бөлу керекпіз. Енді бірақ қана мақсат іске асыру керекпіз.

Адам саудасына душар болатындардың 61%-і әйел, 38%-і бала. Әлемдік статистика осындай. Біздің елде де қоғамның әлжуаз тобы қылмыс құрбандары болып жатады. Оларды құтқарып, қоғамға бейімдеуге қызмет көрсететін орталықтар бар.

Артур Ластаев, ҚР Адам құқығы жөніндегі уәкілі:

- Адам саудасы сорақы қылмыс қана емес, мемлекеттік билік институттарының беріктігіне сын. Біз қиындыққа тап болған адамдарды қорғауға әлеуетті болуымыз керек. Осы ретте Қазақстан бірқатар мемлекетпен құлдық, адам саудасымен күрес бойынша ратификация жасады. Бұл жұмыс жалғасын табады.

Депутаттар «Адам саудасына қарсы күрес» туралы заңға өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Енді адам құқығы жөніндегі уәкіл ұлттық үйлестіруші қызметін қатар алуы мүмкін. Яғни, барлық мүдделі тараптың жұмысын жүйелейді. Әлбетте әр азамат өз өміріне жауапты.

Вера Закутняя, «Сана-сезім» Әйелдер бастамалары құқықтық орталығының атқарушы директоры:

- Қазір әлеуметтік желі, интернет арқылы жұмыс ұсынатындар көбейді. Ол хабарландырулар көп жағдайда жалған болып шығады. Аз уақытта көп ақша тауып, керемет өмір сүріп кетемін деген ниетті арқалаған азаматтар сақ болсын дейміз. Әсіресе, жеке құжатыңызды ешкімге бермеңіз. Қайда бара жатқаныңызды туыстарыңыз бен елшілік білуі керек. Қиын жағдайға тап болсаңыз, туыстарыңызға ескертетін құпия сөз болуы маңызды.

Адам саудасына қатысы барлар 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. «Заңды жетілдіріп, күресті күшейту үшін цифрлық бақылау жүйесін енгізу қажет», - дейді сарапшылар.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz