RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында «Құрмет» ардагерлер үйі ашылды

01.10.2025, 21:42 1785

1 қазан Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысының Сайрам ауданында «Құрмет» ардагерлер үйі ашылды.

Бұған дейін облыс ардагерлеріне Шымкент қаласында 1976 жылы салынған ескі ғимарат қызмет көрсетіп келген болатын. Сондықтан «Ардагерлер үйін» облыс аумағына көшіру және заман талабына сай қызмет көрсету мақсатында Қарасу ауылындағы жаңа ғимарат таңдап алынды. 

Қазыналы қариялардың игілігіне берілген ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады. Жаңа ғимаратты аралап, жұмысымен танысты. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету бабадан келе жатқан салтымыз екенін жеткізді.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:

- Біз үшін сіздердің өмірлік тәжірибе мен ақыл-кеңестеріңіздің орыны бөлек. Ардагерлерімізді ардақтап, оларды қолдау біздің парызымыз. Жаңа орталық бір ауысымда 200 адамды қабылдай алады. Бұл қадам айырықша құрмет пен қамқорлықтың жарқын көрінісі. Мұнда сіздер бас қосып, денсаулықты түзейсіздер. 

Ардагерлерге арналған емдік-сауықтыру орталығының жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда зейнеткерлердің ем алып, бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Жыл сайын 8 мыңға жуық қария облыстық бюджет есебінен денсаулығын түзейді.

Ұлдан Мұстафаева, Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы:

- Бәрі жаңа, тамағы да керемет. Қан қысымын тексеріп, тұз бөлмесіне кіргізіп, массажы бәрі тегін. Ата-әжелеріміз өмір бойы елге қызмет жасап, балаларын бағып, одан немере бақты. Қазіргі таңда оларға сондай құрмет жасағанына мен ана ретінде алғыс айтамын. 

Бекет Тұрғараев, қоғам қайраткері:

- Қарттар, ардагерлер біздің алтын қорымыз деген президентіміз. Міне сол алтын қорларды аялап, солардың өмірінің ұзақ болуын, денсаулықтарының мықты болуын, елге жасаған еңбектерінің далаға кетпей, ел игілігіне жұмсаған қарттарға деген қамқорлық өте керек. Соның бүгін куәсі болдық. Үлкен рахмет осыған. 

Түркістан облысында 200 мыңнан аса зейнеткер бар. Бұл облыс халқының 10 пайызы. Қариялардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді. Ол мекемелерде 10 мыңнан астам зейнеткер тынығып, шынайы құрметке бөленуде.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz