RU
Толық нұсқаға өту

Елде ұн экспорты төмендеді

02.10.2025, 08:06 358

Қаңтар-шілде аралығында Қазақстан 970 мың тонна бидай ұнын экспорттады. Қазір Қытай тарапынан жемдік ұнға да сұраныс артқан. Алайда диірмендер саны жылдан-жылға қысқарып жатыр. Себебі шикізат құны қолжетімді емес. 

Дайын өнімді экспорттауда да кедергі бар. Депутаттар логистикалық шығынды субсидиялау бойынша бастама көтерді. Бұл салаға серпін бере ме?

2000 жылдан бері елдегі ұн өндіруші кәсіпорындар саны 10 есе қысқарған. Қазірдің өзінде қолданыстағы диірмендер толық қуатта жұмыс істемейді. Өйткені шикізат құны қымбат, сыртқы нарыққа шығу да, кәсіпкерлердің айтуынша, тиімсіз боп тұр. Мәселен, Өзбекстанға бидай кіргізу ақысыз, ал ұн үшін 12 пайыз ҚҚС мен табыс салығын төлеу қажет. Қытай нарығына да сапалы ұн жеткізу арзан емес.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, Астық өңдеушілері қауымдастығының мүшесі:

- Қазақстандық ұн өндірушілерге баж салығын 65 пайыздан төмендетіп берсеңіздер деген өтініш жасап, әрбір кездескен кезде соны көтереміз. Неғұрлым бізге сол салықты Қытай жағы төмендетсе, соғұрлым қазақстандық диірменшілерге қолайлы. Өйткені Қытайда 1,5 млрд халық тұрады. Соңғы уақытта Қытайда асхана мәдениеті өзгеріп жатыр. Бұрын мысалы, күріш жейтін болса, Қытайда қазір нан пайда болды. Біз үшін Қытай нарығы өте маңызды.

Қазір елде 174 ірі ұн өндіруші бар. Оның 20-сы ішкі нарық үшін, қалғаны экспортқа жұмыс істейді. Осыдан 15 жыл бұрын отандық ұнның шекара сыртындағы тұтынушылары көп еді. Салықтық, тарифтік кедергілердің кесірінен біраз нарықтан қағылған. Баяғы қарқынды еңсеру оңай емес.

Қазыбек Әлішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Небары 9 млн тонна ғана өнім шығару мүмкіндігі бар. Қазір 30 пайыздан сәл асатын мүмкіндігінше жұмыс жасап тұр. Бұған басты бір себеп, қаржы жетіспеуде. Айналым қаражаты жеткілікті болғанда, олар толық қуатта жұмыс жасауына мүмкіндік болады. Екіншіден, экспортқа шығару елдердің кеңістігін ұлғайту. 18 мемлекетке шығарамыз. Қырғызстан мен Қытай. Қытайға малға беретін ұн қоспасын да шығарып жатыр. Бұл да жаңа өнім болып есептеледі. Осындай өнімдерді ұлғайтсақ, экспорттық әлеуетіміз көбейеді. Ал енді шикізат ретіндегі экспортқа шектеу қоятын болсақ, онда біздің 100 мыңнан астам шаруалардың мүддесіне кері әсер тигіземіз.

Иә, шаруалар өз астығын әділ бағаға сатсам дейді, ұн өндірушілер болса, шикізатты неғұрлым арзан бағаға алуды қалайды. Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын нақты шешім бар ма?

Қазыбек Әлішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздер ұн өндірушілерге де, астық өндірушілерге де бірдей жағдай жасадық. Логистикалық шығындарын субсидиялау, айналым қаражатына қаржы беру мәселесі бар. Инвестициялық жобаларды субсидиялау мәселесі де бар. Осындай тетіктерді мемлекет тарапынан қолдау берсек, сонда өндіріс әрі қарай дамиды деп есептеймін.

Астықты терең өңдеу кенжелеп тұр. Құзырлы қауымдастық қайта өңдеу бойынша кешенді жоспарды жетілдіру қажет дейді. Қазір отандық бидайдың 40 пайызы Өзбекстанға жөнелтіледі. Бұл ел біздің шикізатты өңдеп, экспорттайды. Көрсеткіш жағынан да озып тұр. Жарты жылда Қазақстан 970 мың тонна ұн экспорттады. Бұл былтырғыдан 1,7% кем. Негізгі тұтынушылар Орталық Азия елдері, Ресей, Қытай және Ауғанстан. «Биыл бұл тізімге АҚШ қосылды. Алайда баж салығы, қаптамаға кеткен шығын және логистикалық кедергілер көрсеткішті еселемеуі мүмкін», - дейді сарапшылар.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, Астық өңдеушілері қауымдастығының мүшесі:

- Қазақстанның астығынан терең өңдеп, нан өнімдеріне қамыр жасаған кезде қоспалар болады. Ол қоспалар өте қымбат тұрады. Мүмкін соларды жеткізуге болатын шығар. Өйткені олар қымбат болғандықтан, жол ақысы қанша қымбат болса да ол өз-өзіне ақтайды.

Айтпақшы, жиын-терім науқаны аяқталуға шақ. Мамандар өнімділік былтырғыдай болады деп отыр. Артылған дақылды экспорттау жалғасады.

Рустам Жаңатаев, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры:

- Қазақстандық астықты тасымалдау шығынын субсидиялау тиімділігін көрсетті. Баға өсті, артылған астық экспортталды. 1,2 млн тонна астыққа өтінім түсті, оның жалпы құны 28 млрд теңге. Астықтың көбі Ресей және Еуропа арқылы өткізілді. Әзербайжанға да 400 мың тонна дақыл жібердік. Мемлекеттік қолдау шаралары 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Иә, отандық астықтың құны да, құндылығы да артты. Бірақ ішкі өндіріс үшін бағаның өсуі қолайсыздық тудыруда. «Салдарынан алдағы 5 жылда ұн экспорты 500 мың тоннадан аспауы мүмкін. Астық өңдеушілер осындай тәуекел бар», - дейді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz