RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысында күріш алқабының 60%-ы жиналды

02.10.2025, 08:32 366

Қызылорда облысында күріш алқабының 60 пайызы жиналды. Әзірге әр гектардан орташа есеппен 51 центнер өнім алынып жатыр.

Диқандар қамбаға 450 мың тонна Сыр маржанын құюды жоспарлап отыр. Амангелді Мәмбетов ала жаздай күріш егіп, күзде комбайнмен жинауға кіріседі. Өзі егін шаруашылығында 16 жыл бойы табан аудармай тер төгіп жүр. Биыл 57 гектар алқапты баптаған. Әрқайсысынан орташа есеппен 71 центнерден өнім жинап отыр.

Амангелді Мәмбетов, комбайншы:

- Сағат 7:30-дан алқапқа келеміз, сағат 09:00-де суын майлап әрі қарай бастырамыз. 9:30-да жұмысқа кірісіп кетеміз. Содан күн салқын болып, желдетіп тұрса, шық болмаса, ылғал түспесе 12:00-ге дейін бастырамыз. Күнделікті бастыратын центнеріміз мыңға дейін, тіпті мыңның үстінде алып отырамыз.

Дүр Оңғар ауылындағы шаруашылық биыл 3 мыңнан астам гектарға күріш екті. Су тапшылығына байланысты бірқатар қиындық болғанымен, өнім көлемі ойдағыдай.

Орынбасар Төлепов, шаруа қожалығының төрағасы:

- Шаруашылық бойынша шамамен 60-тың үстінде, 62 центнерден келе жатырмыз. Әрі қарай түскен күріш енді үстіне қосылады, кейбір жерлерде орылып тастаған жерлер бар, әлі орылмаған жерлеріміз бар. 65 центнер шамасынан шығып қала ма деген ойдамыз.

Жалпы облыс бойынша биылғы науқанға 4 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Күріштен басқа дақылдың бәрі толық жиналды.

Талғат Дүйсебаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Жалпы үстіміздегі жылы негізгі дақыл 80 900 гектарға орналасқан болса, қазір соның 59 мың гектары орылды немесе 73 пайызы және 49 мың гектардан астам жер бастырылды. Өнімділікке келетін болсақ, әзірге өнімділігі өткен жылдың деңгейінде. Әр центнерден 51,3 центнерден өнім алынуда.

Мамандардың болжамыша биыл қамбаға 450 мың тонна Сыр маржаны құйылады. Орақ науқаны қазан айының ортасына дейін жалғасады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz