RU
Толық нұсқаға өту

Бір донор бес адамға өмір сыйлайды

02.10.2025, 15:07 392

10 мыңнан астам қазақстандық мәйіттік донорлыққа келісім берді. Жүз мыңнан астамы бұл істен ерікті түрде бас тартты. Ал ауруы асқынып, ағза алмастыруға мұқтаж жандар жыл сайын көбейіп келеді.

Бейінді орталықтың мәліметінше, бүгінде төрт мыңнан астам науқас күту парағында тұр. Оның арасында балалар да бар. Бұл мәселені шешу үшін елде мәйіттік донорлықты дамыту керек дейді сарапшылар. Бірақ қазақстандықтардың көбі бұған келіспейді. Себеп неде?

Есен Байленовте бүйрек ауруы 2010 жылы анықталған. Бірнеше жылдан кейін ер адамның өмірі гемодиализге толық тәуелді болып қалды. Тіпті сауығып кетуі екіталай еді. Бірақ осы жазда үзілген үміт қайта жанды. Ер азаматқа донор табылып, операция жасалған.

Есен Байленов, Астана қаласының тұрғыны:

- Шыны керек қонырау шалғанда алаяқтар шығар деп ойладым. Бірақ әйелім жанымда отырды, бұл трансплантацияға қатысты екенін айтты. Сенер сенбесімді білмей қайта-қайта сұрай бердім. Сөйтсем, донор табылды деп хабарласқан дәрігерім екен. Сол кезде ойым түбегейлі өзгерді. Бойыма қанат біткендей  болды. Таксимен асығып, ауруғанаға тезірек жетуге тырыстым. Бұл өмірімдегі ең қиын әрі маңызды сәт еді. Мен бәріне дайын болдым. Абырой болғанда бәрі сәтті өтті. Маған екінші мүмкіндік сыйлағандарына шексіз алғысымды білдіремін. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен осы жақсылыққа лайықты өмір сүріп, қоғамға пайда әкелуге тырысамын.

Ал Хамзат Нығметов 10 жылдан бері гемодиализге барады. Бүйрегі сыр берген соң, ер азамат аптасына бірнеше рет арнайы аппарат көмегімен қанын тазартуға мәжбүр. Бәріне себеп болған жол апаты. Оқыс оқиғадан кейін кейіпкеріміздің денсаулығы нашарлай бастаған. Қазір ол бүйрек ауыстыруға кезекте тұр. Бірақ күту парағындағылар саны қысқарар емес.

Хамзат Нығметов, Астана қаласының тұрғыны:

- Аварияға түстім, барлығы содан басталды. Кезекте тұрғаныма 10 жыл болды. Қалай диализге түстім, солай кезекке тұрдым. Бірақ бірде-бір шақырту болмады. Донор жоқ. Сирек шақыратын. Мәіттік донордан шақырту алғандар бар. Менің екі бүйрегім пайдасыз. Тек қана трансплантация керек.  

Қазақстанда 4 мыңнан астам адам ағза алмастыруға кезекте тұр. Оларға тек мәйіттік донорлық көмектесе алады. Біздің елде е-гов порталы арқылы адам көзі тірі кезінде донор болуға келісімін бере алады. Бас тарту құқығы да осы жүйеде қарастырылған. Соңғы деректерге сай, 122 мың адам донорлықтан бас тартқан және тек 10 мыңнан астамы келісім берген.

Назгүл Жангелдина, ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары:

- Донорлықтан бас тарттқандар өте көп? Неге? Себебі адамдар «иә» деп жазсам, ауруханада олар мені донор деп есептеп, уақытында емдемейді деп қорқады. Ал шын мәнінде бұл мүмкін емес. Өйткені науқас ауруханаға түскен кезде бірде-бір дәрігер оның донор болуға келіскенін білмейді. «Адам ерік білдірді ме, жоқ па?» ол жабық ақпарат. eGov-қа тек екі үйлестіруші ғана кіре алады. Ауруханада осындай науқас бар, оның миы өлді деп хабарлағанда ғана деректер жаңартылып бізге акт жіберіледі. Сол сәтте eGov-тағы ақпаратты ашуға рұқсаты бар үйлестіруші  адамның донор болуға ерік білдірген я болмаса бас тартқанын қарайды. Егер келісім берсе, онда біз донорлық процесті бастаймыз, егер ол бас тартса, онда ешқандай әрекет болмайды.

«Донор болу діни тұрғыдан дұрыс емес» деген де пікір де бар. Бірақ дінде ағза трансплантациясына тыйым жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат бойынша ағза алмастыруға рұқсат етілгенін алға тартады. 

Елбек Тасболатұлы, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі маманы:

- Мәйіттік донор болуға шариғатымыз рұқсат береді. Бұл жаңа туындаған мәселе. Пайғамбарымыз кезінде жоқ еді. Дегенмен Құран кәрімде бір адамның өмірін сақтап қалсаң, бүкіл адамзаттың өмірін сақтап қалғанмен тең деген аят бар. Осы аятта емделіңдер деген хадистер негізінде басқаларға пайдалырақ болған мұсынман өмірінде донор болуға келіссе шариғатымыз бұндай істі құптайды. Рұқсат береді.

Десе де, салада оң серпін байдалады. Мәселен, биыл елде 38 трансплантация жасалды. Былтыр 23 операция болған. Мамандардың айтуынша, бұл отандық медицинаға деген сенім артқанын білдіреді. Бірақ күн сайын өмір үшін күресіп, күту парағында тұрғандар үшін бұл жеткіліксіз. Оларға донор керек.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Диас Ковланбаев, Айсұлу Махмұтова

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz